Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында VIII шақырылған Құрманғазы аудандық мәслихатының І сессиясы болып өтті.
Алғашқы сессия жұмысын аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Бралиев ашып, жұмыс регламентін бекітіп, күн тәртібімен таныстырды. Онда 2023 жылғы 19 наурызда өткен аудандық мәслихатының депутаттарын сайлаудың қорытындысы, VIII шақырылған аудандық мәслихатының төрағасын сайлау сияқты басқа да ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Бралиевтің хабарламасы тыңдалды.
- Ауданымызда сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті. Дауыс беру барысын саяси партиялар мен кандидаттардың сенім білдірген 291 өкілі, саяси партиялардың 41, аккредиттелген 8 қоғамдық бірлестіктің атынан келген 124 байқаушы, барлығы 456 байқаушы бақылап отырды. Аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 34799 азамат енгізілді. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны – 14921, сайлауға қатыс 43 пайызды құрады. Бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелгендердің жалпы саны - 40. Сайлаудың нәтежесінде бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 13 кандидат мәслихатқа депутат болып сайланды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 112-бабына сәйкес Құрманғазы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 27 наурыздағы №17 шешімімен сегізінші шақырылған Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаттығына Құбашев Есболат Закарұлы - №1 сайлау округі бойынша, Қалиева Гүлжаннат Ғадылханқызы - №2 сайлау округі бойынша, Хасанова Гүлнар Әдебиетқызы - №3 сайлау округі бойынша, Абуғалиев Игорь Кенжеғалиұлы - №4 сайлау округі бойынша, Өтегенов Болатбек Тағанхожаұлы - №5 сайлау округі бойынша, Зинулаев Айбек Фатихоллаұлы - №6 сайлау округі бойынша, Сәбитов Әнуарбек Арманұлы - №7 сайлау округі бойынша, Елемесұлы Нұрлан - №8 сайлау округі бойынша, Кайрошов Нариман Мерсадихұлы - №9 сайлау округі бойынша, Дюсенбайқызы Нұргүл - №10 сайлау округі бойынша, Хисметуллин Ерлан Уалитханұлы - №11 сайлау округі бойынша, Шакупов Жұмажан Өмірзахұлы - №12 сайлау округі бойынша, Қуаншалиев Мансур - №13 сайлау округі бойынша тіркелді. Сайланған 13 депутаттың 11-і саяси партиялар ұсынуымен, 2-і өзін-өзі ұсыну жолымен дауысқа түсті. Құрамына келсек, 10-ы ер, 3-і әйел, ең жасы - 28, ең ересегі 69 жаста. Сайланғандардың орташа жасы 47,8 құрайды. Мамандықтары бойынша 2-і мұғалім, 3-і әр түрлы саланың инженері, 2-і қаржыгер, 2-і заңгер, 3-і ауыл шаруашылығы саласының, 1-уі мұнай саласының маманы. Депутаттардың 1-уі зейнеткер, 5-і бюджеттік мекемеде, 7-і жеке меншік құрлымдар мен кәсіпкерлік салада еңбек етеді, - деген хабарламашы халық қалаулысы атанғандарға депутаттық мандат пен өңірбелгі табыстады.
Сессияға қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов аудандық мәслихат депутаттарының жаңа құрамына сәттілік тілеп, алдыңғы шақырылымда осы қызметті атқарғандарға ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. VII шақырылған аудандық мәслихатының хатшысы болған Болат Жүгінісов осыған дейін жұмыс жасап келген депутаттар және ауданның өкілді органы атқарушы билікпен бірлесе отырып, аудан экономикасын арттыру бағытында абыройлы істер атқарғанын атап өтті.
Бұдан кейін VIII шақырылған аудандық мәслихатының төрағасын сайлау рәсімі болды. Бұл лауазымға депутат М.Қуаншалиев Г.Қалиеваның, депутат Е.Құбашев Е.Хисметуллиннің кандидатурасын ұсынды. Ашық дауыс беру тәсілімен өткен сайлауда №2 сайлау округі бойынша депутат Гүлжанат Қалиева басым дауысқа ие болды. «Аmanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев аудандық мәслихаттағы депутаттар фракциясы төрғалығына №12 сайлау округінен депутат Ж.Шакуповты ұсынып, оның кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың құрамы келесі сессияда бекітілетін болып келісілді.
Айбек НӘЖІМОВ