Аудандық мәслихаттың кезектен тыс LX сессиясына аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, депутаттар мен округ әкімдері, кейбір бөлімдердің басшылары қатысты.
Сессияға аудандық мәслихаттың депутаты Өмірболат Есенғазиев төрағалық етті. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
«Ауданның 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Хасанова:
– 2020 жылдың 21 қыркүйектегі облыстық мәслихат сессиясымен республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогтарының еңбегіне ақы төлеуді ұлғайтуға 70 000,0 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне біліктілік санаты үшін қосымша ақы төлеуден 55 768,0 мың теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша облыстық бюджеттің ішкі көздерінің қаражатынан берілетін кредиттер есебінен Сүйіндік орта мектебі интернатын күрделі жөндеуден үнемделген 13 146,0 мың және жергілікті атқарушы органдарға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін берілген бюджеттік несиеден 908,0 мың теңге кемітілді. Облыстық даму трансфертінен «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша Құрманғазы ауылындағы елді мекендерге көше жарығын салудан 10496,0 мың теңге азайтылып отыр, - деп басқа да өзгерістерге тоқталды.
Аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев жоғарыда аталған 70 млн. теңгеге, басқа да кемітіліп отырған қаражаттарға, түскен сұраныстардың қаншасы қаралғанына қатысты сұрақ қойды. Хабарламашы өз жауабында бастауыш сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейтілгенін, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы игере алмаған округтерден кейінге ығыстырылғанын, түскен сұраныстардың 50 пайызы қамтамасыз етіліп отырғанын жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаты Жұмажан Шакупов қысқа дайындыққа бөлінген қаржы жайлы сұрады.
Келесі кезекте аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әділбек Мусиннің «Алушылардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік көмек көрсету еселігін және әлеуметтік көмек мөлшерін, атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесін белгілеу туралы» шешімге өзгеріс енгізу туралы хабарламасы тыңдалды. Аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев өзгерістерге қатысты өз ұсынысын ортаға салды. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ақпарат берді.
Аудандық мәслихаттың депутаты Мансұр Қуаншәлиев бұған дейін Қиғаш ауылдық округіндегі пайдаланылмай отырған 77 гектар жерді кері қайтару жөнінде жолдаған сауалының орындалу барысын сұрады. Сонымен қатар «Телеграмм» әлеуметтік желісінде ақкөлдік бір азаматтың аудандық мәслихаттың кейбір депутаттарының атын атап, түсін түстеп, жөнсіз тиісіп, жұмыстарын жоққа шығарған жазба қалдырғанын айтты. Сол себепті халық қалаулыларының жұмысы барысынан тұрғындар хабардар болып отыруы үшін аудандық газеттен «Мәслихат бетшесі» немесе «Депутат», деген арнайы рубрика ашу қажет деген ұсынысын ортаға салды. Жерге қатысты аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Рулан Сәуменов түсінік берді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов депутаттар корпусының қызметі жөнінде жылына 2 рет мақала беріп жүргенін, ол газетте жарияланатынын, оны «Фейзбук», «Инстграмм» әлеуметтік желілері арқылы да көрсетуге болатынын айтса, қатысып отырған газет тілшісі өкілетті органдардың жұмысы мемлекеттік тапсырысқа кіретіндіктен мәслихаттан келген материалдар үнемі жарық көріп келе жатқанын алға тартты.
Аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев жолдаған сауалына орай, одан кейінгі жобалар жүзеге асып жатса да, Кудряшов ауылында мәдениет үйін салу не себепті созылып кеткенін білгісі келді. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың жұмысынан мүлдем хабарсыз ақкөлдік азаматты шақыртып алып, қызметтерімен таныстырайық деген ұсыныс жасады. Жолдаған сауалына қатысты аудан әкімі Қайрат Талапұлы жауап беріп, қазіргі жағдайға орай ЖСҚ жасалып тұрған жобаларды іске асыруға баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаты М.Қуаншәлиев тарапынан қайтарылатын жерге қатысты сауал хаттамаға енгізіліп, тиісті орындарға жолдансын деген шешімге келді. Соңында аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Кенжебаевтың ұсынысы тыңдалды.
Сессия жұмысын оның төрағасы Өмірболат Есенғазиев қорытындылап, аудан әкімі Қайрат Нұртаев бұған дейін өткен сайлау жұмыстарын тиісті дәрежеде ұйымдастырған, 2000-2012 жылдары аудандық сайлау комиссиясының төрағасы болған Айболат Әмірғалиевке, 2012-2018 жылдары осы қызметті абыроймен атқарған Әуез Ізжановқа «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», аталған жұмысқа белсене араласқан Айгүл Ғұмарова, Мұхтар Қуанышкереев, Нұрлыбек Хамитов, Әділбек Әжіғалиевке «Мәслихатқа 25 жыл» медалін табыстады.
Қанат ҒҰМАРОВ