Аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» атты оқу семинары өтті.
Семинардың жұмысына аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Қайрат Бөлеков, аудандық мәслихаттың бір топ депутаттары, өкілетті органның ардагерлері, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Хисметуллин қатысты. Аталған шараны аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызы жүргізді.
Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы: – Құрманғазы ауданына келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Жұмыс барысында тұрғындармен кездесіп, жағдаймен кеңірек танысып жатырмын. Бүгін сіздермен кездесіп отырмын. Атқарушы билік өкілетті органмен қоян-қолтық жұмыс жасай береді деген ойдамын. Өздеріңіз арқылы халықтың мұң-мұқтажын біліп, бірлесе шешетін боламыз, – деп семинар жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі Серік Шапкеновтің Алғыс хатын VII шақырылым депутаты Талғат Жұмалиевке табыс етті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Ғаділханқызы шараның мақсатына тоқталып өтіп: – Бүгінгі семинарға VIII шақырылымның жас депутаттары да қатысуда. Сондықтан айта кетейін, депутаттың міндеті әдеп қағидаларын сақтау, өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болу, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу, шешілуіне атсалысу, берген уәделерін мінсіз орындау. Жалпы жасалған жұмыстың күтілетін қорытынды нәтижесі болуы керек. Әрбір депутат халық алдында берген уәдемізге сай біз не істедік, қандай мәселелерді шештік, деңгейіміз қандай, не нәтижеге жеттік деген ойда болуы қажет. Нәтиже – міндетін мінсіз атқару, өзін-өзі дамыту болып табылады. Сайлаушылармен жұмыс жасаумен қатар үнемі ізденісте жүру міндетіміз. Бес жылға сайланғаннан кейін халықтың талабына сай заңдылық аясында жұмыс жасауға тиіспіз,– деп күн тәртібімен таныстырды.
Шара барысында аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Асылбек Әнестің өкілетті органға қатысты заңдылықтар, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қадыржан Утешовтің әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы жарлықпен таныстыру, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Сейтжанованың әлеуметтік көмек көрсету санаттары туралы хабарламалары тыңдалды. Хабарламашылар қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Семинардың екінші бөлімінде аудандық мәслихаттың ардагерлері Рифхат Сұлтанияев, Жұмақай Ғұмаров, Роза Серікбаева, Бержан Кенжебаев өз тәжірибелерімен бөлісті. Өкілетті органның ардагерлері келесі жылы құрылғанына 30 жыл толғалы отырған аудандық мәслихаттың Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында атқарған жұмысы, халықты бірлік пе ынтымаққа ұйыстырғаны, атқарушы органмен бірлескен қызмет, сайлаушылар көтерген мәселелерді қалай шешкендері жайлы әсерлі әңгімеледі. Жас депутаттарға сауалдар қою мен олардың орындалуына қатысты түсініктер берді. Өздеріне депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қатты. Сонымен қатар мәслихат ардагерлері жастарды халық арасында жиі болуға, сайлау алдында берген уәделерінде тұруға, орындалмайтын нәрсені бірден айтуға, заң шеңберінен шықпауға шақырды.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева семинар жұмысын қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ