Депутаттар сафондықтармен кездесті

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 наурызында өткен партия съезінде оның жұмысын қайта жаңғыртуды, сонымен қатар, халықпен кері байланыс орнату мақсатында еліміздің шалғай елді мекендерінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізуді тапсырған болатын.

Осыған орай, мобильді көшпелі қабылдау «Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Сафон ауылдық округінде өтті. Оған партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев, облыстық мәслихат депутаттары Сабыржан Сұлтанов, Зәмзагүл Карсакова, аудандық мәслихат депутаттары Бержан Кенжебаев, Талғат Жұмалиев қатысып, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді. Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ө.Есенғазиев келу мақсаттарын түсіндіріп, мобильді топтың құрамын таныстырды. Сафон ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Сейтеков арналарды қазу, өзектерді түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Сонымен қатар, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су соратын қондырғының орнын ауыстыру, оның себептерін түсіндіріп, істен шыққан мембрандық су тазарту құралдарын жаңарту, депутаттардың халықпен жиірек кездесіп тұру қажеттігін алға тартты. Сафон ауылына қарасты өзектерді қазу  қосымша түптереңдетуді қажет ететін аудан бойынша 26 арналар тізіміне енгізілді. Жобалау сметалық құжаттар аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда орындалады. Су соратын қондырғыны басқа жерге көшіруге бюджеттік өтінім жолданып, қаржы бөлінген, алдағы уақытта орнын ауыстыру жұмыстары іске асады. Мембрандық тазарту құрылғысына да қаржы қаралып, оны жаңарту толықтай жүзеге асады. Атқарылатын бұл істерді депутаттар тұрғындардың қаперіне берді. Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектептің директоры Сабыржан Жұпарғалиев зираттарды қоршау, жаңа балабақша, мектепке жапсарлас спорттық алаңдарын салу, балаларды тасымалдауға Газель автокөлігін алу жөнінде бірқатар мәселелерді қозғады. Округ әкімі Роза Қамзаева ауылға қарасты 4 қорымды қоршау жөнінде бірнеше рет бюджеттік өтінім бергенін, алайда, әлі күнге қанағаттандырылмай келетінін алға тартып, ауылдық бюджеттің оған қаржысы жетпейтінін тілге тиек етті. Облыстық мәслихат депутаты З.Карсакова аудан бойынша ауылдың ішінде орналасқан қоршалмаған зираттардың санын анықтап, облыстық бюджеттен ақша қарастыру жөнінде жұмыстанатынын жеткізді. Балабақша меңгерушісі Тамара Утеғұлова мектеп ішінде орналасқан балабақшаның алдына төсеме төсеу, балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысын ортаға салды. Депутаттар көтерілген мәселелердің шешу жолдарына жеке-жеке тоқталды. Жеке кәсіпкер Еркебұлан Өтебаев 70-ке жуық тұрғыны бар Затон учаскесіне таза ауыз су құбырын тарту, көпір және тас жол салу қажеттігін айтты. Халық қалаулылары аталмыш учаскеге жол және көпір салуға 50 млн. қаржы бөлінгенін, биыл құрылысы басталатындығынан хабардар етіп, қуанышты жаңалықтарымен бөлісті. Таза ауыз су құбырын тартуға аудан әкіміне 2022 жылы 28 қаңтарда бюджеттік өтінім берілгенін қаперге берді.   

zhinalys12

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет». Халыққа Жолдауында осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдері мен халықтың арасында диалогты қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан болатын. Тұрғындардың мұң-мұқтажына бей-жай қарамаған халық қалаулылары мейлінше күрмеулі мәселенің түйінін шешуге мүдделілік танытып отыр. Бұл ниетке қоғамдық қабылдауға келген сафондықтар да риза болды. Соңында округ әкімі Р.Қамзаева сөз алып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауға келген депутаттарға алғысын айтып, көтерілген мәселелердің оң шешілетініне сенетіндерін жеткізді.

zhinalys13

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT