Аудандық мәслихат депутаттары Құрманғазы агротехникалық колледжінде болып, жаңадан енгізілген U-study тест орталығы мен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында оқып жатқан оқушылардың бағыт-бағдарымен танысты.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда сұранысқа ие кадрлар – ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын оқу ордасы біздің ауданда да бар екендігін халыққа кеңінен насихаттау көзделді. Республикалық аккредиттеуден өтіп, «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледждің тізімінен көрінген оқу ордасы бүгінде фермер, автокөлік жүргізушілері, электр газымен дәнекерлеуші, оператор, аспаздарды дайындайды. Аталған бағдарламаны қадағалаудың тұрақты комиссия мүшелері колледж өмірімен танысып, ондағы білім беретін әр ұстазбен жеке пікір алмасты. Кабинеттер талапқа сай жасақталған. Теорияны оқып, іс жүзінде тәжірибеден өтуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісовтың айтуынша, қыр баласы алысқа ұзамай-ақ иек астындағы жерден де таптырмас маман атана алады.
– Қаладан оқып, әлеуметтік жағдайын жақсарту да дұрыс. Десе де, таптырмайтын мамандарды дайындайтын білім ошағы өзімізде де бар. Оның жемісін өз арамызда да көріп жүрміз. "Еңбек" бағдарламасына қатысушыларға бір реттік ыстық тамақ беріліп, барлық оқу мерзімінде орташа оқыса да ай сайын шәкіртақы мен жол жүру ақысы төленеді. Диплом қолға алған соң, жұмыспен қамту шараларын жасақталады,-дейді Болат Теміржанұлы.
Аудандық Фермерлер одағының басшысы Есболат Құбашев үш бағытта жүзеге асатын «ата-ана – мектеп – жұмыс беруші» ұсынысын ортаға салып, оның іске асу тетігімен таныстырды.
Айта кетейік, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында колледжде 100 студент білім алуда.
Жайдарлым Қайреден