Депутат О.Қаршегенов 40 отбасына тегін азық-түлік таратты

(0 Votes)

«Bizbirgemiz» - қиын жағдайдағы өзара қолдаудың және көмектің шынайы процесі.

Карантиндік шектеу шаралары азаматтардың қаржылық және әлеуметтік әл-ауқатына өзінің теріс әсерін тигізуде. Бүгінде осындай жағдайларда қайырымдылық және волонтерлік қызметтер алдыңғы қатарға шықты. Әсіресе, егде жастағы адамдар, ардагерлер, көпбалалы аналар, табысы аз, еңбекке жарамсыз азаматтар секілді ең мұқтаж жандарға көмек қолын созу – кезек күттірмес мәселе. Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы қасиеттері осыған шақырып отыр. Облыстық мәслихат депутаты Оразғали Қаршегенов сындарлы сәтте сайлаушыларымен бірге екенін дәлелдеп, ауданымыздағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 40 отбасына тегін азық-түлік таратты. Ол бұған дейін алыстағы Азғыр өңіріне 800 мың теңгенің көмегін көрсеткен болатын. Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сәйкес елдегі төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылды. Бұл – қажеттіліктен туындаған шара. Әлем болып күресіп жатқан індеттің елімізде етек алып, таралып кетпеуі үшін, тосқауыл қою мақсатында мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар қолға алынып, атқарылуда. Ауданымызда да түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп жатқан жомарт жандар көбейіп келеді. Біз бүгін әлеуметтік көмекке зәру, мұқтаж отбасыларға қолдау білдіріп жатқан облыстық мәслихат депутаты О.Қаршегеновке үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Қазір азық-түлік себеті осы округтің 20 отбасына ұсынылса, қалғаны Дыңғызыл, Көптоғай, Шортанбай ауылдық округінің тұрғындарына үлестіріледі.

img_1626

Қазақ қай нәубеттен де аман шығып, еңсесін тіктей алған халық. Оған қанға сіңген ауызбіршілік пен төзімнің арқасында қол жеткіземіз, - дей келе, шектеу режимін сақтауға, үйде болуға шақырды.

- Біз мейлінше көмек сұраған әрбір өтініштің орындалуын үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, депутаттар, кәсіпкерлер, еріктілер тарапынан қолдау болып жатқанына қуанамыз. Ендеше бұл уақытша қиындықты да бірге еңсеретін боламыз, - деді Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса.

Өз кезегінде көмек алған отбасылар қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін айтып, алғыстарын білдірді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521