Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша қоғаммен, оның ішінде аудан деңгейінде тиісті ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізу мақсатында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Еркебаев мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтармен таныстыру және азаматтардың түйткілді мәселелерін зерделеу мақсатында ауданымызға жұмыс сапарымен келді.
Алдымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, заңнама аясында тиісті түсіндірмелер ұсынды. Сонымен бірге, аудандағы мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен бірқатар қызметшіге Департамент атынан алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде, Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова мемлекеттік қызметшілермен кездесу барысында Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау және бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ұсыныстарын енгізді. Мемлекеттік қызметшілермен жеке қабылдау өткізіліп, олардың пікірлері тыңдалды.
Одан бөлек облыстан келген лауазымды өкілдер ауданның жас белсенділерімен кездесіп, Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесінің тәртібі мен талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, Агенттікпен мемлекеттік секторға жас таланттарды тарту мақсатында іске асырылған шаралар туралы баяндады.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызмет саласына қызығушылық танытып, оған орналасу және жаңа іріктеу жүйесі бойынша толғандырған сұрақтарын қойды.
Өз тілшіміз