Ауданымыздың бір топ медицина қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында құрмет көріп, алғыс алды. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шара «Мейірімділік пен кәсібиліктің үлгісі» деп аталды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов құттықтау сөз сөйлеп: - Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп атап өткендей, әлемдегі ең бір ардақты да құрметті мамандықтың бірі – дәрігер. Оларды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ауырсақ, сырқаттансақ, бірден осы адамдарға жүгіреміз. Күн демей, түн демей, қажет кезде жанымыздан табылатын сіздерге басымызды иіп, алдағы кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деп, аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау ісінде үлкен нәтижелерге қол жеткізген үздік медицина қызметкерлерін марапаттауға көшті. «Орта Азия елдерінің денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен сала ардагері Сағидолла Кулов, «Құрметті медбике» республикалық байқауына қатысушылардың төсбелгісімен Баян Каменова, Саягүл Сейтжанова, Дания Бахишева, «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісімен Сағира Жармұхамбетова, Сандуғаш Хамзина, Тамара Жолдасова, Халамсия Жанғатаева, «Мінсіз қызметі үшін» медалімен сала ардагері Бекболат Қаражанов марапатталды. Аудан әкімінің Құрмет грамотасы ардагерлер Лидия Харитонова, Галина Чаплыгинаға табысталды. Сонымен қатар, халықтың алғысына бөленген ақ халатты абзал жандар облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының, аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық аурухананың директоры Саида Зулкашева өздерінің Алғыс хаттарымен қоса «AQNIET» салалық кәсіподағындағы ерекше жетістіктері үшін «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» Құрмет грамотасы мен алғыс хатын үздік қызметкерлерге тапсырды.
Мерекелік салтанат кезінде өнер көрсеткен аудан өнерпаздары марапат алғандардың көңілдерін одан сайын көтере түсті.
Айнагүл Күнұзаққызы