Әдеби сын сардарына арналған кеш

(0 Votes)

Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, академик Зейнолла Серікқалиұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Адамдық ар-намысын саф алтындай сақтаған» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана мен аталған білім ұясы бірлесіп өткізген бұл шараға Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, академик Өмірзақ Қажымғалиев бастаған бір топ ардагерлер, ұстаздар, оқушылар қатысты. Шараны кітапханашы Меңдісұлу Мұхамбетова жүргізді. Қонақкәде жасалып, қатысушыларға ақ пен бауырсақ ұсынылды.

4ce0e86e-dbd8-4c82-b3e3-4d166cce14bb

Кеш шымылдығы республикалық «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбділданың бейнежолдауымен ашылды. Бейнебаянда танымал журналист сыншы ағамыз туралы естелігімен бөлісті. Туған күнінде осындай шара ұйымдастырып жатқан кітапхана мен мектеп-интернат ұжымына ризашылығын білдірді. Келесі бейнеролик академиктің өмір жолынан сыр шертті. Одан кейін кітапханашы Гүлфара Құлбаева таныстырған «Сарабдал сынның сардары» атты кітап көрмесінде жерлес академиктің шығармалары сараланды.

Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиұлы сыншы жайлы естелігінде:

– Бүгінгі өтіп жатқан шара отаншылдық тәрбиенің бастапқы жолы. Зейнолла әділ, турашыл адам болды. Жақсы көтеріліп келе жатса да, сол турашылдығынан танбай, жоғары орындарда жүрген адамдарды сынаудан да бас тартпады. Өзіне жақсы болмайтынын білсе де әділеттілігінен танбады. Сол себепті кейбір адамдарға жақпай қалды. Кейін Зейнолланың дұрыстығы дәлелденді, – деп азаматтық болмысы жайлы әңгімелеп, жатақхана шәкірттері сол кісідей болып өссін деген ізгі тілегін арнады.

Әдеби сыншының немере інісі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов:

– Өте сауатты ғалым еді. Қарапайым ғұмыр кешті. Талай жазушыларды көрдік. Олар келер алдында өздерін жақсылап қарсылауды талап ететін. Зейнолла ағамыз қанша танымал болса да, елді дүрліктірмей ың-шыңсыз келіп кететін, – дей келе адамгершілік қасиеттері жайлы сөз қозғады.

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Зейнетолла Ақбанов, Ержан Ғайнетов сыншы ағамызды жылы лебізбен еске алды. Туыстарынан кітапхана саласының ардагері Бақыт Ғабдолова студент кезінде талай рет үйінде болғанын, сында қатал көрінгенімен, өмірде мінезі жібектей жан екенін, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесін тебірене әңгімеледі. Жиені Нұрлыбек Геройұлы да Зейнолла Серікқалиұлы жайлы естелігімен бөлісіп, кітапхана ұжымына шағын сыйлығын табыстады.

Абай атындағы жалпы орта мектептің ұстазы Маржан Мирасова, шәкірті, 6 сынып оқушысы Данияр Құспанәлі екеуі облыста сыншы жайлы қорғаған зерттеу жұмыстарын слайд арқылы назарға ұсынды. Мектеп-интернат оқушылары да өнерден кенде емес екенін көрсетіп, З.Серікқалиұлына арналған өлеңдерді оқып, әндер орындады. Жас ұрпаққа берер өнегесі мол танымдық кешті аталған мектеп-интернат директорының орынбасары Нұргүл Сатыбалдықызы, аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова қорытындылады.

0f357295-8279-47ca-8bb4-7bcd5a15f8a7

Интернат ұжымына және кеш қонақтарына З.Серікқалиевтің кітаптары сыйға тартылды. Соңы білім ордасы ұстаздарынан құрылған хордың орындауындағы әсем әнмен аяқталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT