Мақаш ауылдық округінде орналасқан №165 сайлау учаскесінде 1400 сайлаушы тіркелген.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жастілек Мырзағалиевтің айтуынша, тұрғындар қарқынды түрде маңызды науқанға атсалысуда, түске дейін 735 адам дауыс беріп үлгерген. Ең алғаш өз таңдауын жасаған - ерлі-зайыпты Нұрлан Евниенов пен Әспет Айтпаева. 81 жастағы ауыл шаруашылығы саласының ардагері Есенияз Мәлиев өз аяғымен келіп сайлау учаскесінде дауыс берді. «Бүгінгі маңызды шара бірлікті ту етіп отырған еліміздің алдағы дамуына негіз болады. Сондықтан оған әрбір азамат бей-жай қарамауы қажет», - дейді ауыл ақсақалы.
Ал, ең жас дауыс беруші 20 жастағы Талғат Ниғметов саяси науқанға алғаш қатысып тұрғанын айтты. Белсенді сайлаушылар ескерткіш сыйлықтарға ие болды.