Абай атындағы орта мектептің акт залында «Parasat» интеллектуалды орталығының «Ел үміті – білімді ұрпақ» тақырыбында дарындылар шеруі өтті.
Залдың ортасына орталықтың жетістіктерін әйгілейтін кубоктар мен алтын, күміс, қола медальдар қойылған. Бір шетіне ата-аналар, екінші жағына орталық ұстаздары мен шеруге қатысқан шәкірттер жайғасқан. Аталған орталықта 100-ге жуық балалар ментальды арифметика бойынша білім алып, қосымша сабақтарға қатысады. Оларға 7 ұстаз дәріс береді.
Жүргізушілер шараны ашқаннан кейін аудандық білім бөлімінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Тоты Меңдіханқызы, Абай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Талғатбекқызы, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Рахметұлы орталықтың ұстаздарын жетістіктерімен құттықтап, дарынды оқушыларыңыз көбейе берсін деген ізгі тілектерін жеткізді. Облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда, пәндік олимпиадаларда озық шыққан дарынды оқушылар мен оларды тәрбиелеген ата-аналарды, орталық ұстаздарын Алғыс хаттармен ұлықтады.
«Ел үміті – білімді ұрпақ» тақырыбындағы дарындылар шеруін «Parasat» интеллектуалды орталығының басшысы Гүлмират Жүнісова қорытындылап, қатысушыларға, демеушілік көрсеткен жомарт жанды азамат Жасқайрат Тәжібаевқа ризашылығын білдірді.
Шара барысында мектеп оқушылары әсем әндер орындады.
Қанат ҒҰМАРОВ