Дарынды оқушылардың мерейін өсірді

(0 Votes)

М.Әуезов атындағы орта мектепте «Дарындылық – даналық кілті» атты дарынды оқушыларды марапаттау шарасы өтті. Шараға Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, мектеп ата-аналар кеңесінің төрайымы Балжан Амангелдіқызы, ұстаздар, ата-аналар, дарынды оқушылар қатысты.

Бұл білім ұясында 2023-2024 оқу жылында 130 дарынды оқушылар түрлі олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен спорттық сайыстарда жүлделі орындар иеленіп, ауданымыздың білім саласының мерейін асқақтатып отыр. Әнұранымыз орындалғаннан кейін, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Гаухар Құбашева оқу жылының аяқталуымен құттықтап:

– Биылғы оқу жылын 1-11 сыныптар арасында 754 оқушы аяқтаса, соның 86-сы оқу озаты, 260-ы оқу екпіндісі атанып, 51% сапамен аяқтадық. Бүгінгі шара халықаралық, республикалық және облыстық пәндер олимпиадасында, интеллектуалдық-шығармашылық сайыстарда, ғылыми жоба, спорттың түрлі жарыстарында жетістіктерге жетіп, жүзден жүйрік, мыңнан озық шығып, мектеп намысын қорғаған үздіктердің дараланатын күні. Оқушының дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуына көбінесе мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне байланысты. Мемлекет басшысы балаларымыздың жақсы оқуына, денсаулықтары мықты болуына, демалысты лайықты өткізуіне барлық жағдайды жасауда. Сіздердің міндеттеріңіз сабақтарыңды жақсы оқып, бұдан да биік нәтижелерге жетіп, ұстаздарыңыздың сенімін ақтап, еліміздің абыройын асқақтататын азамат пен азаматша болу,– деп аудандық олимпиада жүлдегерлерін мадақтамалармен ұлығылады.

Републикалық деңгейдегі жеңімпаз оқушыларды Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Рахметұлы: – Сіздердің бұл көрсеткіштеріңіз мектеп директоры Гаухар Мәжитқызы бастаған ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасында жетіп жатқан жетістік деп білемін. Адам өмірде өз орнын тауып қалыптасуы үшін ең бірінші білім керек. Міне, сондықтан өмір айдынында жүзгендегі азықтарыңыз білім. Мемлекет тарапынан дарынды балаларды тәрбиелеу, сапалы білім беру мақсатында көптеген бағдарламалар іске асуда. Сол бүгін толық жемісін беріп жатыр деп сеніммен айта аламын,– деп оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілеп, республикалық деңгейдегі жеңімпаз оқушыларды марапаттады.

Аудандық, облыстық ғылыми жоба, оқулар, өнер байқаулары жүлдегерлерін ұлығылау аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Қанат Зарлыханұлы, аталған мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Балжан Амангелдіқызына ұсынылды. Салтанатты шара барысында мектеп оқушылары әсем әндер, мың бұралған билер, күмбір қаққан күйлер орындап, өнерлерімен тәнті етті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT