Данагөй ақсақалдың «Дара жолы»

(1 Vote)

Жалғанның жарығына келген әркім де тіршілікте өзінше із салады.

Бір¬еу байлығымен, тағы бір жан мігірсіз атқарған еселі еңбегімен мақтанады. Тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосып, дербес мемлекетіміздің кемел келешегін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп, тіпті сол салаға саналы ғұмырын арнаған әрбір адам үшін бейнетінің зейнетін, еткен еңбегінің жемісін көру ғанибет.

Сафон ауылдық округінің мәдениет үйінде «Дара жол» бағдарламасы негізінде тыл еңбеккері, ауыл шарушалығы саласының ардагері, аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының ІІ орын жүлдегері, 87 жастағы қария Файзулла Жұмақашевпен «Сәуле ғұмыр» атты отбасылық кездесу ұйымдастырылды. Жүргізуші Жанболат Кенжеғалиев «Дара жолдың» қонағы, қадірлі ақсақалды көрерменнің ыстық қошеметімен ортаға шақырды. Кеш кейіпкері ұзақ жылдар бойы табан аудармастан ауылдың төл кәсібі балық шарушалығын өркендетуде қажырлы еңбек етті. Бұрынғы «Путь к коммунизму» ұжымшарына басқарма төрағасы болып зейнеткерлікке шықты. Өткен ғасырдың сан түрлі соқпақтарынан өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткен данагөй қария ұрпақтарының қызығына бөленген өнегелі отбасының алып бәйтерегі.

dscn0174

Алдымен шарада Файзулла атаның өткені мен бүгіні, ата-анасы, балалық шағы, өскен ортасы, тағдырлы жолы баяндалды. Бұл туралы оның бауыры Бауыржан, әріптесі Бақыт Қарамалайұлы, еңбек жолындағы ізбасары Аманғали аға, құдасы Сұңғат ата, ұжымшарды басқарған кезде қарамағына келген жас мамандар Бәтима Талапқызы, Сәуле Құмарқызы естеліктерден сыр шертіп, кеш қонағының азаматтық келбетін, адамгершілік қасиетін, кәсіби шеберлігін ашып көрсетті. Одан әрі, жүргізуші ақсақалдың тұлғалық бейнесіне, жан-жақты қырларына қанығу үшін бағдарламаны сыр-сұхбатпен жалғастырып, кейінгі ұрпаққа тәлім аларлықтай өнегеге толы әсерлі әңгімелерін өрбітті. Ауыл әкімі Роза Қамзаева Файзулла атаның отбасында 3 ұрпақтың өкілі бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп жатқанын тілге тиек етіп, сыйластық қарым-қатынас орнаған берекелі әулет көпке үлгі екендігін айтып, шаңырақтарына шаттық, жайлылық және молшылық салтанат құрсын деген ізгі тілегін жеткізді. Ә.Алпанов, Т.Ниғыметов, Б.Настагинов, Е.Өтебаев, Ж.Кенжеғалиев сынды ауыл өнерпаздары кешті әсем әнмен әрледі. Соңында бағдарламаның ережесіне сәйкес кейіпкерге арналған блиц-сауалнамалар ұсынылды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521