2 наурыз күні сағат 15:45-те Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылынан 40 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауында Құрманғазы орман шаруашылығының аумағындағы сулы-батпақты жерде қамыс өрті орын алды.
Өрттің жалпы аумағы 1000 гектарды құрады. Наурыздың 4 күні сағат 14:50-де төтенше жағдайлар күштері жұмылдырылып 200 гектар аумақтың өрті сөндіріліп, 780 гектары ылғалдылықпен өздігінен жойылды. Қамыс өрті ошағын жоюға Құрманғазы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінен 12 қызметкер, 1 Треколь техникасы және 1 мотопомпа және Құрманғазы ауданының орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мемлекеттік мекемесі күштерінен 25 адам, 3 моторлы қайық және 3 мотопомпа тартылды. Өрт орын алған аумаққа кірме жолдардың жоқтығы және жердің батпақты болуы бірқатар қиындықтар туғызғанына қарамастан дала өрті ауыздықталды.
4 наурыз күні сағат 10:00-де әуеден барлау жұмыстары үшін 6 жеке құрам және 2 техниктен құралған «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «МИ-8» тікұшағы көкке көтерілді. Экипаж құрамында Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевте болды.
Қазіргі уақытта өрт толығымен жойылғандықтан жақын жатқан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Қанат ҒҰМАРОВ