Дайындық қарқынды жүруде

(0 Votes)

«Nur Otan» партиясының мәжіліс залында аудандық филиалының сайлауалды партияішілік іріктеу-праймеризді өткізуге дайындық жұмыстары туралы брифинг өткізілді.

Бұған дейін «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын. Ережеге сәйкес, праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру болып табылады.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтің мәліметінше, өңіріміз бойынша құрылған комитет мүшелері аталмыш істі ұйымдастыру турасында бірқатар жұмыстарды бастап кетті. Жалпы ауданда 19 округ бойынша 21 бастауыш партия ұйымы бар. Сонымен қатар партияішілік сайлауды өткізу мақсатында 8 учаскеде есеп комиссиясы қызмет атқарады. Заңнамалық өзгерістерге сүйенсек, партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы керек. Бұл қағида қатаң сақталатын болады. Ағымдағы жылдың ақпан айында ауданның, оған қарасты әр округтің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары, сайлауалды бағдарламасы жасақталып, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің алдында қорғаудан өтті. Олармен қоса жергілікті тұрғындарды Елбасының праймериз өткізу ережесімен таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүйелі орындалды. Ережеде бекітілгендей, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17-29 тамыз аралығында жүргізіледі.

Партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла алады. Кандидаттар бастауыш партия ұйымынан және өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуына болады. Олар праймеризге қатысу үшін құжаттарды аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өзі немесе онлайн-режимде ұсынады. Құжаттардың тізбесімен бірге сенім білдірілген адамдардың тізімін береді, оған дауыс беру күніне дейін өзінің өзгерістер енгізу құқығы бар.

Кандидаттарды үгітке дайындау - 31 тамыз–6 қыркүйек күндері өтеді. Үгіт-насихат жұмыстарын тікелей кандидаттардың өздері жүзеге асырады және ол партия мүшелерімен кездесулерді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде мақалалар мен жазбалар жариялауды қамтиды. Жарыссөздерге қатысу барлық кандидаттар үшін міндетті. Кандидаттар белгілі бір елді мекендердің мәселелерін кәсіби қызметке сәйкес шешуге қатысты көзқарастарын ұсынады. Жарыссөздер 14-30 қыркүйек аралығында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде, кітапхана жанындағы «Coworking» орталығында, аудандық партия мәжіліс залында, Жастар үйінің мәжіліс залында ұйымдастырылады. Дауыс беру 1-2-3 қазан күндері Үлкен Ганюшкиндегі Жастар үйінде, «Самаркин» мөлтек ауданы З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында, «Құрылысшылар» мөлтек ауданы «Атырау-Жарық» электр желілері мекемесінде және әрбір округтің мәдениет үйлерінде өткізіледі. Одан соң 5 қазанға дейін тізім нақтыланып, көрсеткіші жоғары 10 үміткер праймеризден таңдап алынса, 4 адамды аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасы Қайрат Талапұлы 30%-дық квотамен конференцияға ұсынып, Қаулы шығарылады.

Сондай-ақ брифинг барысында Өмірболат Өтегенұлы мен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бержан Кенжебаев көпшіліктің көкейдегі сұрақтарына тұщымды жауап берді.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521