Жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие мен білім берудің көкейкесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісетін педагогтардың аудандық тамыз кеңесі аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Оған аудан әкімі М.Мурзиев, аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев, білім беру ұйымдарының директорлары, марапатталушы ұстаздар офлайн форматта, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Байғанинқызы және 63 педагог қызметкер тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатысты. «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы тамыз кеңесінде саладағы жаңашылдықтар мен алдағы міндеттер жайы кеңінен талқыланды.
Алдымен шығармашыл мұғалімдер мен түрлі білім додаларында жеңіске жеткен дарынды оқушылардың жетістіктері бейнекөрсетілім арқылы назарға ұсынылды. Алқалы жиынға модераторлық еткен аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева алғашқы сөзді аудан әкімі М.Мурзиевке ұсынды. Аудан басшысы көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өткен оқу жылында пандемиялық ахуалға қарамастан аудан педагогтары білім сапасының артуына үлкен үлес қосқанын, өздеріне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарғандарын, жалпы ауданның білім беру саласында біраз нәтижелі жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болғандарын жеткізіп, үлкен ризашылығын білдірді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздардың мерейі өсіп, мәртебесі биіктегеніне айрықша тоқталды. «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев тың пікірлердің тоғысуына мүмкіндік сыйлаған дәстүрлі тамыз кеңесінің жұмысына сәттілік тілеп, қадірлі мамандық иелерінің қоғамдағы беделі мен рөлін тілге тиек етті. Аудан мұғалімдерінің 70-80 пайызы «Nur Otan» партиясының мүшелері екендігін мақтанышпен айтып, олардың белсенділіктерін айрықша атап өтті. Партияның алдағы жоспарларына енгізілген салынатын әлеуметтік нысандардан хабардар етіп, ішкі қоғамдық жұмыстарда көзге түсіп жүрген бірқатар мұғалімдерді алғыс хатымен марапаттады.
Өткен оқу жылының қорытындысы, білім саласының қазіргі жай-күйі, қол жеткізген жетістіктер мен жіберілген кемшіліктер жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева кең көлемді баяндамасын ұсынды. Соңғы үш жылда табысты мектептердің қатарынан көрінген Гагарин атындағы жалпы орта мектептің директоры Ж.Хасанова облыстық, республикалық деңгейде үздік танылған жобаларымен таныстырса, Абай атындағы жалпы орта мектептің жас мұғалімі, «Елбасы медалі» жобасының иегері атанған М.Қайырбеков өзінің жетістігімен бөлісті.
Пленарлық отырыста өткен оқу жылында нәтижелі табыстарға қол жеткізіп, шәкірттері дүбірлі додаларда жүлдегер атанған ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрілігінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
А.Шакупова