Дұрыс таңдау ертеңіміздің кепілі

(0 Votes)

Әрбір сайлау ел өмірі үшін маңызды науқан.

2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауға бірден алты партия, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы», «Бірлік» саяси партиясы», «Қазақстанның коммунистік халық партиясы», «Nur Otan» партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестіктері қатысқалы отыр. Бәрінің де алға қойған айқын мақсаттары және оны жүзеге асыруға арналған жоспарлары, бағдарламалары бары анық. Бірнеше партияның қатысуы алдағы науқанның бұрынғыға қарағанда өзгеше болатындығын көрсетеді. Осының өзі-ақ еліміздің демократиялық бағытпен келе жатқанының дәлелі. Әрі Мәжіліс депутаттарын сайлау елдегі азаматтық қоғамның белсенділігінің артуымен сәйкес келіп тұр. Мұны біз күнделікті өмірімізден, ақпарат көздерінен, әлеуметтік желілерден жақсы білеміз. Қазақстандықтар алдағы науқаннан оң өзгерістер күтеді. Жаңа үрдістер, елдегі өзгерістердің бәрі де сайып келгенде жарқын бастамаларға жол ашады. Президентіміз халыққа Үндеуінде осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті.Нақты айтқанда дағдарысқа қарсы тиімді шараларды қабылдау, тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру халықтың жағдайын жақсарту міндеттері тұрғанына тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша парламенттік оппозиция институты, партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота, партиялық тізімдер бойынша мәслихаттарға сайлау елдің саяси жүйесінің жаңаруын қамтамасыз етеді. Жаңа бастамалар партияларға өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қоғамның белсене араласуы қазіргі заманғы өзекті сын-қатерлердің алдын алады деп ойлаймын. Президент атап өткендей алдағы сайлауда елдегі саяси институттардың жаңғыруы арқылы мемлекетіміздің саяси жүйесі де жаңғыруы тиіс. Бүгінгі Қазақстан үшін Мәжіліс пен мәслихаттарға біліктілігі зор, белсенді жастардың келіп, халықтың мүддесін қорғауы маңызды. Айта кетер жайт алдағы Парламенттік сайлау бұрынғыларындай мерзімінен бұрын емес, алғаш рет конституциялық мерзімінде өткелі отыр.

Жалпы осыған дейін халық қалаулысы атанғандардың ел өмірі үшін соны өзгерістер әкелгенінен хабардармыз. Ауданымызда түйіні тарқатылмай жүрген мәселелердің оң шешімін табуына сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің көп пайдасы тиді. Осы азаматтың жоғары жақтарда жиі қозғағанының нәтижесінде аудан балықшылары қазір теңізге ерте шығып, Қиғаш өзенінде түп тереңдету жұмыстары жасалып жатыр. Сондай-ақ кейбір депутаттарымыз аудан көлемінде өтетін барлық шараларға демеушілік жасап, аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетуде ерекше белсенділік танытып, халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Күні кеше өткен «Nur Otan» партиясының праймеризінде де депутаттыққа үміткерлер ауданның өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешуді өз бағдарламаларына енгізіпті. Жаңа сайлауға белсене атсалысу баршамыздың парызымыз. Тәуелсіздік туын желбіреткеніне 30 жыл толғалы отырған Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын аларына сенемін. Дұрыс таңдау жасау ертеңіміздің кепілі.

Ғаділхан Қалиев,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521