Болашақта қандай маман иесі болғым келеді, қай мамандықты таңдасам болады? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Адам асқақ арманға, биік мақсатқа ұмтылады.Әр мамандық өзінше тартымды, өзінше ерекше, қажетті болып саналады.
Мамандық таңдау - адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Яғни адам өз бойындағы қабілетіне қарай, икемділігіне қарай, бір сөзбен айтқанда шама-шарқына қарай өзіне және қоғамға қызмет ету дегенмен бірдей. Сондықтан адам баласы өмірде мамандық таңдауда өз өміріне балта шаппастай етіп үлкен жауапкершілік арқалай отырып асқан ыждаһаттылықпен таңдау жасауы тиіс. Себебі, адам тағдырының бір бөлігі өзі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Бірақ, біздің жастарымыз осы тұрғыдан келгенде аяғын шалыс басып, өз таңдауларын дұрыс жасай алмай, көп опық жеп отыратын кездері де кездеседі. Кей жастарымыз өз тағдарын өзіне емес ата-анасына жүктеп жауапкершіліктен жалтарғаны былай тұрсын «ата-анамның қалауы бойынша осы мамандықты таңдап едім, сөйтсем ... » - дейді, ал кейбірі «грантқа түсу үшін» - деген өз ойларын бүкпесіз жеткізуде. Қазақ менталитетінде «Адам баласы өз баласына еш уақытта жамандық ойламайды», - деген қағиданы берік ұстанамыз да, ата-аналар көп жағдайда өз баламыздың жүрек қалауын тыңдамай, ойы мен қабілеттерін ескермей, нәтижесінде балаларымызға опық жегізіп жатамыз. Сол себепті де мамандықты таңдауда ықпал ететін отбасы мен мектептегі ұстаздары болғандықтан, өздерінің ақыл-кеңесін ортаға салып, оларды дұрыс бағыттаса болғаны, яғни баласының мамандық таңдауына жол беріп, оның пікірін қолдаса, ертеңіміздің жарқын болары хақ.
Мамандық таңдау - белгілі бір даярлықты қажет ететін іс-әрекет түрі, тіршілік көзі, дағды жүйесі және жасөспірімдік кезеңде қабылданатын жауапты шешімдердің біреуі екенін білеміз. Сондықтан мамандық таңдауға келгенде ғылыми тұрғыдан дәлелденген негізгі факторларға сүйенген жөн. Атап айтсақ, икемділік, мағлұматтылық, тартылу деңгейі, мүмкіншілік, ата-аналардың көзқарасы, құрдастарының көзқарастары. Нақты айтқанда, баланың таңдаған мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы қажет. Жақсы маман болу үшін ең алдымен өзің таңдаған мамандықты сүйіп қана қоймай, сол мамандықтың қыры мен сырын жете меңгеруің керек. Сонда ғана өзің таңдаған мамандықтың қаншалықты құнды, әрі маңызды екенін біле түсетін боласың. Өйткені сен таңдаған мамандық сенің кәсібің, әрі нәсібің. Сонымен қатар сенің көмегіңе мұқтаж жанның қажеттілігін өтеуге жауапты екеніңді ұмытпауың керек. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл, Ар-ождан айнымай ар сақта соны біл...», - деген өлең жолдары соған дәлел. Өзінің бейімділігі мен қабілетіне қарай маман болған адамның жұмысы өнімді, әрі берекелі болмақ.
Х.Досмұхамедов Атырау университеті
1 курс студенті Жалғауова Ақбота