Бүгінде қайтадан індетке шалдығушылар күрт өсуде. Соған қарағанда, коронавирусты ауыздықтау оңай еместігіне көзіміз әбден жетті. Бұрын инфекцияның барына сенбей, сақтық шараларын сақтау, жеке қорғаныш құралдарына бейжай қараған тұрғындар жағдай ушығып, жан мұрынның ұшына келгенде бетперде киіп, ара қашықтықты сақтады.
Бір айға жуық облысымыз «қызыл аймақта». Күніне 100-ден астам адам індет жұқтырады. Бүгін 140 науқас тіркелді. Бұл өңірдегі эпид жағдайдың күрделі екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде аймақта қалыптасқан ахуалға қатысты өз ойын білдіріп, облыс әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктегенін БАҚ-тан хабардар болып жатырмыз.
«Коронавирус індеті қайтадан өршіп, эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Бұл ретте, аймақтың ерекшелігін ескеріп, еңбек ұжымдарындағы ахуалға айрықша назар аудару керек. Облыс кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болуда. Облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын-алу және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырамын. Вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажет», - деді ҚР Президенті.
«Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде, ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет. Облыс әкіміне емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз етуді жеке бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтауды, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адамның амандығы мен денсаулығынан асқан байлық жоқ. Жақыныңа шын жанашыр болсаң, мамандар күнделікті ескертіп жатқан талаптарға бағынуға тура келеді. Санамызға әбден орныққан кейбір қағидаларды, атқарылуы керек салттарды қауіпсіздік үшін кейінге қалдыра тұрып, пандемия әлі жалғасып жатқанын, вирус жеңілмегенін естен шығармайық! Мемлекет басшысы бүгінгі өткізген кеңесінде өңірдегі эпид ахуалға қатысты өз ойын білдіріп, сындарлы сәтте дәрігермен, қажетті медициналық құралмен, дәрі-дәрмекпен қамтудың маңыздылығын жеткізді. Жалпы, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Гүлсара Мүтиева,
аудандық орталық ауруханының директоры