С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өнер көзі – халықта» атты Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебінің қорытынды есеп беру концерті өтті.
Шараның шымылдығы «Балдәурен» ұлт-аспаптар ансамбілінің «Ақжелең», «Желдірме» күйлерімен ашылды.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов ұлттың қазынасы, мұрасы-өнерді насихаттап жүрген өнер мектебі ұжымына толағай табыстар, кәсіби өрлеу тілеп, дарынды балалардың жұлдызы жоғарыдан жарқырасын деген жылы лебізін білдірді.
Аталған өнер мектебінің директоры Милана Боханова жыл ішінде облыстық, республикалық байқаулардың жетістіктірін саралай келе:
- Ағымдағы оқу жылы 60 жыл тарихы бар өнер мектебінде 342 оқушы 6 мамандық бойынша білім алды. 100-ден астам дарынды оқушыларымыз облыс, республика, халықаралық деңгейде өткен байқаулардың жеңімпазы болды. Мектеп қабырғасында табандылықпен білім алып, мемлекеттік емтихандарын талапқа сай тапсырып, өнер мектебін бітіру туралы куәліктерін алғалы тұрған 12 түлегіміз бар. Оқушыларды әртүрлі деңгейде өткен байқауларға дайындаған педагогтарымыздың еңбектері атап өтуге лайық,-дей келе, мектеп бітіруші түлектерге аттестаттарын табыстады.
Мектеп бітіруші түлектер атынан Марат Інжу, Малика Аронова құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына алғысын айтты.
Есепті концерт барысында мектеп оқушылары баян, домбыра, шертер, фортепиано, вокал, би жанрларында өнерлерін ортаға салды. Шара «Егеменді елім» хорымен тәмамдалды.
Айнагүл Күнұзаққызы