Дүкендерде бетпердесіз жүргендер бар

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы мониторингтік топ Атырау облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысы аудан көлемінде қалай орындалып жатырғанын тексермек ниетпен рейдке шықты.

Рейд барысында байқағанымыз жабық нысандар «Серпер» базары, «Құралай», «Мерей», «Құлагер» сауда үйлері, қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс жасап жатқан жоқ.

«Samira» дүкенінде болған топ мүшелері дүкеншілерге адамдардың арасында ара қашықтық сақталуы қажеттігін ескертті. Мұнда кіре беріс есіктің тұтқасына залалсыздандырылған дәке оралмаған.

Аудан орталығында ломбардта барлық талаптар сақталыпты. Ішке кірген адамдар сауда жасайтын шағын терезе алдына антисептиктер қойылған.
РТС ауылындағы «Кердері» азық-түлік дүкенінде бетпердесіз бірнеше адам сауда жасап жатыр. 
Аудандық полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Құттымбет Медеуғалиев дүкеншіге:

– Есік сыртында «Маскамен кірулеріңіз сұралады», деп жазып қойғаннан кейін тұтынушыдан бетпердемен кіруін талап етулеріңіз керек. Іште де ара қашықтық сақталғаны жөн. Кешкі бестен кейін дүкенді жабуға тиіссіз. Осыны дүкен иелеріне ескертіңіз. Бүгін біз тек ескерту жасаумен шектелеміз. Қазір сізбен жүргізіп жатқан түсінік жұмыстарым мына жетонға жазылуда. Келесі жолы бұл жағдай қайталанса, акт жасалып 200 мың теңге айыппұл салынады, - деді.
Мониторингтік топ мүшелері де дүкеншіге қаулы талабын түсіндірді.


Бізбен әңгімесінде мониторингтік топ мүшесі, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов:

– Аудан әкімі жанындағы мониторингтік топ құрамы Атырау облысы бас санитарлық дәрігерінің 4 шілдедегі №52 қаулысына сәйкес бүгінгі таңда аудан орталығында жеке кәсіпкерлік субъектілері сонымен қатар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында аралауға шыққан болатынбыз. Өздеріңіз көрдіңіздер, қаулыға сәйкес басты талаптар орындалуда. Атап айтсақ аудан көлеміндегі азық-түлік және азық-түлік емес жабық сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары, ірі сауда үйлері, бизнес орталықтары түгелдей қызметін тоқтатқан. Қаулыда рұқсат етілген сауда орындары санитарлық талаптарға сай жұмыстарын жүргізуде. Бірақ, рейд кезінде дүкен иелерінің сауда жасаған кезде тұрғындардан бетпердемен кіруін талап етпеуі жиі орын алуда. Оларға қатаң ескерту жасалды, алдағы уақытта қайталанса жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қолданылатыны кәсіпкерлерге түсіндірілді. 8 шілде күні өзім қасымдағы қызметкерлеріммен бірге шығып сауда орындарына барып жоғарыда аталған қаулыны таныстырып шықтым. Оны округтерге де жібердік. Тұрғындар қаулымен теледидар, әлеуметтік желі, басқа да ақпарат құралдары арқылы жақсы таныс. «Білмей қалдым», деген сөз есепке алынбайды. Әрбір кәсіпкер неге рұқсат етіліп, нені тоқтату, қалай жұмыс жасау қажеттігін біледі деп есептейміз. Мұндай рейдтер алға қарай да жалғасын таба береді, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521