Құрманғазы аудандық музейінде «Өренді өлкетанушы» клубы қоғамдық ұйымдар басшыларымен дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, «Өренді өлектанушы» клубының жетекшісі Өмірзақ Қажымғалиұлы бұл клуб 2018 жылы құрылғанына тоқталып өтті. Содан бері жасалған жұмыстардан қысқаша хабардар етіп:
–Осының негізінде тек өзіміз білумен шектелмейік туған өлкеміздің тарихынан басқалар, әсіресе жастар да хабардар болсын деген ниетпен кітап шығаруды қолға алдық. Келер ұрпақ өзіне қажетін соның ішінен тапсын деп ойладық. Сөйтіп, «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» кітабын шығаруға кірістік. Бірінші томын жылдамдатып бастырдық, бірақ, онда ауданымыз түгел қамтылмады. Кітапты ғалымдарға, жазушыларға, тарихшыларға ұсындық. Олардың тарапынан еңбегіміз жоғары бағаланды. Ғылым академиясы жанында Қазақстанның сирек кітаптар қоры бар екен. Оған да тапсырдық. Комиссиямен қабылдайды екен. Екінші кітабымыз да жақсы шықты. Біздің кітабымыз тек энциклопедия емес, тарихи-танымдық бағытта екені қаперде болуы керек. Себебі, біз ауданның тарихын қысқартып жазамыз. Оны ертең бір ғасырдан кейін оқыған кісілер: «Мынау тарихи-танымдық кітап екен ғой», деп ішінен керегін алып, сілтемесін көрсетіп, ғылыми еңбектеріне пайдаланады, дессертация қорғайды.Үшінші кітабымыз Тәуелсіздік алғаннан бері болған түрлі өзгерістерді қамтығалы отыр. Оған бірінші және екінші кітаптарда кірмегендер енуі тиіс,– деп, қатысушыларды «Өренді өлкетанушы» клубына мүшелікке өтуге шақырды. Дөңгелек үстелдің өтуі барысында қоғамдық ұйымдардың жұмысы тыңдалды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова:
– Алғашқы кезде аналар кеңесі «әйелдер кеңесі», деген атаумен жұмыс істеді. 2014 жылы Ассамблея құрылғанда оның жанынан бірден екі қоғамдық ұйым – республикалық қоғамдық келісім мен республикалық аналар кеңесі өз жұмысын бастады. Оның филиалдары 2015 жылы облыста, аудан әкімінің шешімімен 2016 жылы маусымда ауданымызда, сол жылы 19 округтің бәрінде құрылды. 2017 жылдың қаңтарынан бастап осы кеңестің басшысы қызметін атқарып келемін. Бүгінде 19 округтегі аналар кеңесінің құрамында 144, 19 клубымызда 193 мүшеміз бар. Қазір аналар кеңесі халық арасында беделі артып жұмыс жасап келе жатқан қоғамдық ұйым. Негізгі мақсаты мемлекеттік және барлық қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып аналардың беделін, отбасы құндылықтарын арттыру, ұлттық құндылықтарды халықтың, аналардың арасында насихаттау, – деп осы бағыттағы жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Келесі кезекте Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесі аудандық филиалының төрайымы Ақтілек Хамитова жастармен жасалған жұмыстарынан, ұлтаралық қатынастарды нығайту бағытындағы кездесулерден, ажырасушы отбасыларын татуластыру бағытында атқарған қызметтерінен хабардар етті. «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» кітабын құрастырушылардың бірі, «Ақжонас» ЖШС директоры Мұқар Шаяхметов келер ұрпаққа осындай құнды жәдігер қалдырып отырған «Өренді өлкетанушы» клубының жетекшісі Ө.Қажымғалиевке шынайы ризашылығын жеткізді. Аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева 2019 жылдан бері аталған клубтың хатшысы екенін, бүгінде 19 мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасап отырғанын қаперге берді. Дөңгелек үстелді «Өренді өлкетанушы» клубының жетекшісі Өмірзақ Қажымғалиұлы қорытындылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова жас өлкетанушылар слетін өткізуді ұсынды.
Қанат ҒҰМАРОВ