Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысы болды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, округ әкімдері қатысты. Тұрақты комиссиялардың біріккен отырысын аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Кенжебаев ашып, күн тәртібін қаперге берді.
Алғашқы кезекте аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанованың туған жерімізге еңбегі сіңген азаматтарды Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы қысқаша хабарламасы тыңдалды.
«2022-2024 жылдарға арналған ауданның бюджетін бекіту туралы» аудандық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұханова 2022 жылға түзетілген аудандық бюджеттің түсімдер жоспары 3 543 072,0 мың теңге болғанын жеткізді. Ағымдағы жылдың 1 қазанында 2 603 356,6 мың теңге болып, жылдық жоспардың 73,5 пайызы орындалған. 2022 жылғы 30 қыркүйектегі облыстық мәслихаттың сессиясымен республикалық, облыстық бюджеттен қаралған ағымдағы нысаналы және облыстық нысаналы даму трансферттері, облыстық бюджеттен тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на несиеге бөлінген қаржы бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталды. Комиссия мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарып, жергілікті бюджеттің кірістер түсімін өсіруге мүмкіндік жоқ екенін айтты.
Талқыланған мәселелер аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясында қаралды. Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов төрағалық етті. Аудан әкімі Марат Мурзиев көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына мән беріп, дербес бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне бюджеттен бөлінген қаржыларды игеруді тапсырды.
Қанат ҒҰМАРОВ