Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауды тапсырды.
– Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастамалар халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға көмектеседі деп ойлаймын.
Сабыржан Сұлтанов,
«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы