Жуырда аудан тарихында бұрын-соңды болмаған таңғажайып оқиға орын алды десем де болады. Дәлірек айтсам, ел астанасында «Киелі мекен, қасиеттi өлке – Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кiтаптың тұсауы кесілді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін де ауданымыздың әр бұрышында жекелей ауыл-аймақтың тарихынан сыр шерткен үлкенді-кішілі еңбектердің біразы жарық көрген болатын. Бірақ, бұл жолғы энциклопедиялық жинақтың жөні бөлек...
Олай дейтінім, бұл кітап кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалатын өте құнды дүние болмақ. Қазіргідей рухани азыққа шөлдепжүрген жастар үшін бұдан асқан байлық жоқ десем де, артық айтқандығым болмас.
Құрманғазы ауданы әкiмiнiң орынбасары Амангелді Мұратов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өрендi өлкетанушы» клубының жетекшici Өмiрзақ Қажымғалиев, басқа да елге белгілі азаматтармен бірге осынау бағалы еңбектің тұсаукесу рәсіміне қатысу бақыты менің де бағыма бұйырғанына қуаныштымын. Алдымен С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте болғанымызда ректор Қанат Тiреуов бәрімізді жылы қарсы алып, ақжарма тілегін ақтарыла жеткізді. Содан соң, жиналғандарға арнап дайындалған Құрманғазы ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы бейнесюжет назарға ұсынылды. Сондай-ақ, бір топ құрманғазылық өлкетанушы «С.Сейфуллиннiң туғанына 130 жыл» медалімен мрапатталды. Мұны да біз ауданымыздың бүгінін бағалап, ертеңін бағамдауға үлкен үлес қосып жүрген жандарды ынталандырудың жарқын көрінісі деп қабылдадық.
Айтулы шараның С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтуінің өзі бекер емес. Себебі, бұл білім ордасы елiмiздегі ең үздік үш оқу орнының бірі болып табылады. Айтпақшы, мұнда 15 мың шәкірт ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын меңгеріп жатқанын айта кетпеске тағы болмайды. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі биылғы жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Ендеше, бүгінде нағыз жұмысшылар осы агросекторда еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Одан әрі ҚР Парламенті кітапханасында, ҚР ұлттық академиялық кітапханасында кітаптың тұсаукесері өте жоғары деңгейде өтті. Өзім ұлттық кітапханада өткен шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Әлібек Нәутиевпен бірге “Киелі мекен, қасиетті өлке - Құрманғазы” атты танымдық энциклопедияның салтанатты тұсаукесер рәсімін жасадым.
Кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра болып қалатын осы 3 томдық құнды дүниенің жарық көруіне атсалысқан барша құрманғазылықтарға алғысымды білдіргім келеді.
Гүлжанат Қалиева,
аудандық мәслихат төрағасы