Теңіз ауылдық округінде өткен тұрғындар жиыны алдында аудан әкімі М.Мурзиев азаматтармен жеке қабылдау өткізді.
Көп балалы ана Балхаш Башаева бала жасынан құлағы естімейтін, сөйлемейтін ұлын 3 топ мүгедектігінен екінші топқа ауыстыруға көмектесуді өтініш етті. Қоғамдық ақылы қызмет атқаратын Ділдаш Башаева 2018 жылы тұратын баспанасы жоқтықтан берілген фельдшерлік-акушерлік пунктің бос ғимаратын тұрғын үй ретінде заңдастырып, жекешелендіріп алғысы келетінен жеткізді. Жеке кәсіпкер Сатхан Қалиев шабындық жер көлемін ұлғайту мәселесін көтерсе, алты баланың әкесі Ерік Садихов үйінің төбесі түсіп, құлауға шақ тұрғанын айтып жөндеу жүргізіп алуға қаражатпен жәрдемдесуді сұрады. Айтылған өтініштерді мұқият тыңдаған аудан әкімі қатысып отырған жауапты мамандармен пікірлесіп жауабын берді.
Теңіз ауылдық округі әкімінің әкімі Қ.Махсутов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы хабарламасын ұғынықты тілде слайд суреттердің көмегімен баяндады. Аудан әкімі тапсырмасының орындалысында 300 орындық ауылдық клубын тұрғызу, «Айсамал» балабақшасының балансындағы ескі мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, ойын алаңдарын салу, православ зиратын қоршау, ауылішілік су мәселесін шешу бағытында жасалған істер көрініс берді. Алдағыға жасақталған жоспар ретінде ауылдағы мектепке Р.Отарбаевтың есіміне беру, тұрып қалған кәсіпкерлік нысандарды жандандыру, тұрмыстық қалдықтар полигонын ауылдан тысқары жерге көшіру, мұсылмандар зиратын қоршау, ауылдарға кірме жолдарды тегістеп тұру, ескі мектептің шеберханасын спорт залға жасақтап, округ теңгеріміне алу мәселелелері аталды.
Кезек сұрақ қоюшылар мен пікір айтушыларға берілгенде алдымен сөзді еңбек ардагері Ұ.Жадығұлов алды. – Бірінші кезекте айтайын дегенім, жерлес жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевқа ауылдағы өзі оқыған Гагарин атындағы мектепке есімін беру мәселесі көптен қозғалып, шешімі табылмай келеді. Екіншіден, ауылымызда кеңестік кезеңде салынып, қазіргі уақытта пайдаланылмай тұрған нысандар өте көп. Осы ауылдағы шаруашылық басшысы болған кезімде республикалық деңгейге дейін шығып тұрғызылуына мұрындық болған едім. Бүгінгі қаңырап бос, қараусыз қалған күйін көру мен үшін өте қиын. Бір кәдеге жаратуды жиын сайын айтамын, қазіргідей бюджет тапшылығы туындап тұрғанда жөндеп алса әлі де халық игілігіне жарарына сенімдімін. Өткенде ауылдың жастары бос тұрған ғимаратты спорт залына айналдырып жатыр деп естіп қуанып қалдым. Жаңадан салуға мүмкіндік алмаса осылай пайдаланғанымыз әбден дұрыс болар еді.
Бұдан кейін сөйлеген ауыл тұрғындарының сауалы ауыз су, электр желісі, көше жарығы, интернет жүйесі, пошта байланысы, жедел жәрдем көлігі сияқты басқа да мәселелерге ойысып, аудан әкімі М.Мурзиев рет-ретімен оларға жауабын қайтарды.
Айбек НӘЖІМОВ