«Бір семіз бай күміс шақшасын жоғалтып алып, екі күн бойы іздепті. Айналасын азан-қазан ғып. Бақса, қарнының қатпарына қыстырылып қалған екен. Біз де сол күміс шақша сияқтымыз ғой… Қашан тауып аларын?!»
Бұл – Қошалақтың құмына аунап өскен Рахымжан Отарбаевтың сұхбатынан алынған үзінді. Шынымен, болмысы бөлек, біртуар таланттың халқына бергені мол. Оның қай шығармаларында да салмақты ой, терең пайым жатыр. Классик жазушы, дарынды драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденнің, Халықаралық Ш.Айтматов сыйлығының иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдық мерейтойына орай Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектебінде РТС ауылдық және мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен «Топтан озған толағай талант» атты бенефис өтті.
Кешке алып тұлғаның көзін көрген, бала кездегі досы –Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист Таңатар Дәрелұлы қатысып, сөзі өлмеген жазушымен өткен қызықты да өнегелі шақтарын еске алды. Оған қоса, көпшілік көрерменге жолдасы Рахымжанға арнаған арнау өлеңін оқыды.
Шара барысында, Б.Бегалиев ЖОМ оқушыларының көркемсөз шеберлері тебірене поэзия оқып, республикалық сайыс жеңімпаздары, мектеп жанынан құралған «Нұршуақ» театрының өнерпаздары Рахымжан Қасымғалиұлының «Мұқағали мен Фариза» атты қойылымын сахналады. Жиын соңында, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мария Болатқызы сөз алып, кітапхана меңгерушісі Надежда Даленқызы шараны қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарын ұсынды.
Жайдарлым Қайреден