Болашақты бағамдайтын басты науқан

(1 Vote)

Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Болашақты бағамдайтын басты науқанда халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жинақталады.

Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысы нақтыланады. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының маңызы өте зор. Осы орайда ауқымды шараны өткізуге жәрдемдесу жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы Қалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– «Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен өткізу көзделеген Ұлттық халық санағы 2020 жылға белгіленген болатын. Алайда әлемдік пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, биылғы жылға қалдырылғаны белгілі. Соған сай алда өтетін халық санағына дайындық барысы аудан көлемінде қалай жүріп жатыр?

– Дұрыс айтасыз, елдегі коронавирустық жағдайға байланысты бұл маңызды науқан елімізде өтпей қалды. Бұған байланысты «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №587 қаулысы қабылданды. Соның негізінде, Ұлттық халық санағының бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 маусымы мен 30 маусымы аралығында өткізілді. Жасақталған іс-шаралар жоспары бойынша  тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлар, ғимараттардың тізімі, тұрғын үйлердегі халықтың жалпы саны алынды. Қазіргі уақытта негізгі аралау аяқталып, қосалқы бақылау, түгендеу жұмыстары  жүргізілді. Бұл жұмыстар ұлттық халық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі аудандық комиссияның бақылауында болды.

Аудандық деңгейдегі санақ науқанына 5 нұсқаушы (уәкілетті тұлға) ағымдағы жылдың 11 мамырынан бастап 30 қарашаны қоса алғанға дейінгі кезеңге еңбек келісім-шарты негізінде жұмысқа қабылданды.  Байда, Жаңаталап, Сүйіндік ауылдық округтерінде бір-бірден және аудандық статистика басқармасында 2 уәкілетті тұлға жұмыс жасайды. Санақтың бірініші кезеңіне тартылған 17 интервьюер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шықты.

Жыл басынан бастап 19 ауылдық округте тұрғын үй саны түгенделіп, көше атаулары аншлагтарын орнату жұмыстары жүргізілуде,  оны тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Ақпараттандыру мақсатында аудандағы барлық ауылдық округ орталықтарына  тақырыптық  билборд (баннер) орнатылды. Бұған қоса үгіт-насихат материалдарының көрсетілімін қазіргі заманғы жарнамалық лэд-экран арқылы да ұйымдастыру көзделуде.

– Сонда бұл санақтың алдыңғылардан айырмашылығы қандай, биылғы халық санағының ерекшелігі неде?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 1999 және 2009 жылдары халық санақтары өткізілді. Олардың қазіргі санақтан айырмашылығы, ол кезде санақ қағаз жүзінде, арнайы санақ бланктерін толтыру арқылы дәстүрлі түрде жүргізілді. Үшінші рет өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының басты ерекшелігі екі тәсіл қолданылады. Бірінші тәсіл бойынша санақ электронды түрде жүзеге асырылады. Әр тұрғын өзіне және отбасы мүшелеріне sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, сауалнаманы өзі толтыра алады. Сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады. Тағы бір тиімдісі, сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.  Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы қызметін ұсынады.

Келесі тәсіл - барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі үй-үйді аралап шығу. Аралау онлайн режимде санақтан өтпеген респоденттер арасында жүргізілетін болады. Бұл кезең 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығын қамтиды. Қыркүйек айының 1 мен қазанның 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 45 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер де сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Осы кезде жаппай санақ өтіп, халықтың демографиялық ахуалы, некеде бар-жоғы, білім деңгейі, көші-қон және тағы басқа да жағдайлары анықталады. Санақ парақтарындағы сұрақтардың жалпы саны – 87. Оның ішінде 67-сі негізгі сұрақ және 20-сы нақтылаушы сұрақтар. Сонымен қатар, ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет санақ парағына респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) енгізу қарастырылған.

– Санақ кезінде Қазақстандағы қандай азаматтар тізімге алынады, кімдер бұған қатыспайды?

– Мемлекет үшін маңызды шараға Қазақстан Республикасының азаматтары (уақытша жоқ және тұратындар), шетелдіктер мен ел аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар (12 айдан көп) қатысады. Сонымен қатар дипломатиялық қызметімен байланысты және «Болашақ» бағдарламасымен оқитын ел азаматтары мен олардың отбасы мүшелері, басқа мемлекетте тұратын, бірақ, есепке алу сәтінде республикамыздың аумағында жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар санаққа алынады. Бұдан басқа әскери бөлімдерде және жабық әкімшілік-аумақтық бірліктерде тұратын әскери қызметшілер, бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқандар және тергеу изоляторларында отырғандар, өзге де институционалдық бірліктерде емдеуде жүргендер, әлеуметтік бейімделу немесе қамсыздандыру мекемелерінде тұратындар тізімге алынады.

 Ал Қазақстан аумағында дипломатиялық мекемелерде немесе халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен, іссапармен, оқумен («Болашақ» бағдарламасымен оқитындардан басқа) байланысты 12 айдан көп мерзімге ел аумағынан тыс кеткен адамдар бұл шараға қатыспайды.

– Жалпы бұл маңызды науқан нендей мақсаттарды көздейді, санақтың нақты қорытындысы қашан белгілі болады?

– Халық санағы еліміз бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе республика азаматтының жынысы мен жасын, неке жағдайын, ұлттық құрамын, азаматтығын, ұстанатын дінін, білім деңгейін, тілдерді меңгеруін білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өсу немесе кему динамикасын анықтайды. Нақтылап айтқанда халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша оң шешімдерді қабылдауға негіз болады. Жоспар бойынша Ұлттық санағының қорытындылары 2022-2023 жылдарында жарияланады.

Осы орайда аудан тұрғындарын Ұлттық халық санағы мемлекеттік шара екендігін жете сезініп, оның ауқымдылығы мен маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл ауқымды шараның сапалы және жоғары деңгейде өткізілуіне ат салысуға шақырамын. Ол үшін интервьюерлер келгенде үйіңізде болып, олардың қойған сауалдарына нақты жауаптарыңызды берсеңіздер жеткілікті. Ескерте кететіні, отбасында есепте болып, бірақ, шын мәнінде басқа елді мекенде тұрып жатырған жерлестеріміз бар. Олар міндетті түрде аудан есебіне енуі қажет. Сондықтан, барған интервьюерлерге сол отбасында есепте тұрған барлық адамдардың ақпараты берілуі қажет екенін аудан тұрғындарының қаперіне бергім келеді.

– Барлығын да түсінікті тілде айтқан сияқтысыз, енді соңғы сұрағым болсын тұрғындар интервьюерді қандай ерекшеліктері бойынша тани алады?

– Нысандарды аралау кезінде интервьюерлердің куәлігінде суреті, мәліметтері, статистиканың аумақтық органының мөрі болады, халық санағының символикасы басылған көк түсті шарф(жылдың суық мезгілінде) тағып, көк түсті портфель ұстайды. Тұрғынды тіркеуге арналған планшетпен және тұрғынға түсінікті болу үшін жадынамамен қамтамасыз етілген. Жадынамада санақ туралы, интервьюер туралы, Call центрі мен статистика басқармасының нөмірлері жазылған. Тұрғындар түсінбеген немесе санаққа байланысты сауалдары болса, жадынамадағы нөмірлерге хабарласа алады.

– Халық санағына қатысқан әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосары сөзсіз. Осынау халқымыздың болашағын бағамдайтын  сәтте атқарар қызметтеріңіз сәтті болсын.

Сұхбатыңызға рақмет!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT