Богатый каналын қазу жұмыстары сапасыз жүргізіліп жатыр

(0 Votes)

Редакциямызға Бірлік ауылдық округіне қарасты Төменгі Богатый каналын қазу жұмыстары сапасыз жүргізіліп жатыр деген дабыл түсті.

Бұл жөнінде бізге округ тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Бауыржан Ақбанов хабарласқаннан кейін «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық», дегендей, жасалып жатырған жұмыстарды көрмекке жол тарттық. Біз барғанда канал бойында шағын ғана жер снаряды мен бір экскаватор тұрды. Маңайында адам жоқ. Эксковатор канал жағасында  ор (траншея) қазып тастаған. Жағалай шошайған топырақ. Жер снарядының құбыры лас суды соған айдаған. Ол ордың бойымен ағып екінші шетінен шығып қайтадан өзенге құйып жатыр.

a2fd69cc-84b0-4e9e-b258-512b2e5fd847

Мемлекеттік қызметтің ардагері Бауыржан Ақбановтүп-тереңдету жұмыстарына қатысты пікірін білдіріп: – Жалпы 95 шақырым каналдарды тереңдету жоспарланып отырғанынан, оған 13 миллиардтың үстінде қаражат бөлінгенінен  хабардармыз. Бастауын Теңіз ауылынан алатын Қарақамыс өзегі Жамбыл ауылының үстімен Шағырлыға шығады. Одан әрі Иван участогынан өтіп Голбинге барып Шаронға қосылады. Осы арна Күйгеннің батыс жағында кеуіп жатыр. Теңіз ауылынан қазылған канал Алисланның артымен келіп Иванға жетіп ол да тоқтап қалды. Бұл жерлерден әрмен қарай бәрі құрғақшылыққа айналды. Кінәшадан бастау алатын өзектер Аяпберген, Шешен арқылы өтеді, онда да су жоқ. Сол жерлерді қазып су айналатын етсе ішкі бойлар қазіргідей кеуіп жатпас еді. Көктемде келген өр суы екі айдан соң қайтады. Ресей жақтан келген өр суы каналдарды топырақ, шөп басып кеткендіктен бізде 15 күн дегенде әрең көрінеді. Теңіз ауылында бір айда ғана байқалады. Қазір түп-тереңдету жұмыстары жүріп жатырғанымен мұқият қарамаса кемшіліктер кетеді. Олардың дұрыс атқарылуы өзіміз үшін керек. Сусыз өмір болмайды ғой, - дейді қынжылыс білдіріп.

Бірлік ауылдық округінің тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, зейнеткер Сайлау Баймолдаев қазылып жатқан каналды көрсетіп: – Ертеде окоп сияқты етіп осындай жыра қазып егін суаратын. Қазір анау тұрған жер снаярды суды мына жыраға айдап, ол екінші жағынан барып қазып жатқан арнасына кері құюда. Мұндай жұмыс бола ма? Бұрын жер снаряды қазғанда суды тұрбамен бөгеттен әрмен, ылдиға қарай жіберетін. Сонда су да, жайылым да бүлінбейді. Енді, міне, мал жайылатын жағаның да, арнаның да түрі осы. Қайық та жүре алмайды. Өзекті бітеп тастады. Лас су өз алдына, топырағы да арнаға кері құйылуда. Ертең тұрғындар мен мал мына жерден қалай су ішеді? Адам да, мал да түссе шықпайды. Екі ай тұрғызып кептіріп, кері бастаймыз деп жатыр ғой, жұмыс осылай жалғасса былық бола береді. Әкімшілік қарап жатыр. Кеше де келді. Бастапқыда суды арғы жағаға жіберіп, ол жақтағы жар опырылып өзенге құлады. Екі бірдей басшысы басында жүргенімен бірін-бірі тыңдамайтын сияқты. Мынау малдың жайылымы. Бұрын адамдар осы жерге егін, картоп екті. Осы жұмыстар үшін айға 300 мың алатын шығар, бірақ, онда шаруам жоқ, істеген соң дұрыс жасасын. Ертең ұрпағымызға керек нәрсе емес пе?! Лас суды бірден тұрбамен алысқа айдауы керек еді. Әне ол тұрбалар жағада артығымен жатыр. Менің байқауымша мына жер снаряды өзекті тазалап емес, жауып келеді. Басындағы адамдары бүгін көрінген жоқ - деді. Ауылдасын қостаған Бауыржан Ақбанов өз алдына бір төбе болып, жағалай шошайып тұрған топырақтарды тездетіп жою қажеттігін алға тартты.

633474c9-9640-4d54-b32a-5482ea6441e8

Бұл мәселе жөнінде біз аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасановқа хабарласып мән-жайды анықтадық. – Аталған канал басына Бірлік ауылдық округінің әкімі Гүлжазира Әбенова, мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» ЖШС-ніңжергілікті жердегі басшысы Бауыржан Нұрғалиев, ауыл тұрғындары Қадырбай Аманғалиев, Жігер Аронов, Амантай Қайырғалиевпен бірге барып, қарап шықтық. Бұл каналды қазу жобада бар. Техникалары енді келіп жатыр. Кеше белгіленген уақытында бастап кетті. Бірақ, қажетті құрал-жабдықтары түгел болмаған. Оның үстіне лас суды қайда тастайтыны анықталмаған. Сол себепті осындай жағдай орын алды. Уақытша қазылған шұңқыр қайтадан тегістеледі. Лас су 35 метр қашықтыққа тасталатын болады. Каналдың асты тазаланып, 2 метрге тереңдетіледі, - деді бөлім басшысы берген жауабында.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT