Бөкейханда өткен дүбірлі той

(0 Votes)

Ресеймен шекаралас жатқан Бөкейхан ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті.

Ауылдағы спорт кешенінің алдына екі бірдей киіз үй тігіліп, үлкен-кіші демей, кім келсе де ұлттық киім киген қыз-келіншектер қуана қарсылап Наурыз көже мен бауырсақтан дәм таттырды.

Бір шетте кәсіпкерлер өз тауарларын қалың көпшілікке ұсынып жатты. Жаймашуақ көктемде, күн қызуын төккенде келген мерекеге арналған «Наурыз берекем, Наурыз мерекем» атты мерекелік шара Сәкен Сәйфеденов пен Ф.Оңғарсынова атындағы мектептің хор ұжымы орындаған «Бөкейхан ауылым» атты әдемі әнмен ашылды.

Округ әкімі Жүсіп Төреғалиев салтанатты шараға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап:

– 22 наурыз – тарихы ғасырларға кететін, ежелден тойланып келе жатырған ұлттық мейрамымыз. Бұл қазақы болмысыздың көрінетін, ұлттық рухымыз асқақтайтын, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз ұлықталатын мерейлі мереке. Қаһарлы қыстан аман шыққан ел-жұрттың, ағайын-туманың сағыныса құшақтасып төс қағысып көрісетін күні. Әр үйде қонақ күтіліп, Наурыз көже ұсынылады. Жастар үлкендерге көрісіп, батасын алады. Әз-Наурызда біз мақтан тұтатын қазаққа ғана тән қонақжайлылығымыз жаңаша көрініс табады. Көптен көрмеген адамдардың арасында көктеммен келген көңіл жадыратар бір жылылық орын алып, жанымызға шуақ төгілетін сәт. 22 наурыз күн мен түннің теңесетін, малдың ауызы көкке тиіп, ел арқасын кеңге салатын уақыт. Осынау ұлы мерекеде баршаңыздың отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, дерттеріңізге шипа, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Жаңа жылымыз құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болып, дастарханымыздан ырыс-береке кетпесін! Ынтымақ-бірлігіміз жарасып, мерекеден-мерекеге аман-есен жете берейік!, – деп «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» медалі мен округ әкімінің Құттықтау хаттарын бір топ ардагерлерге табыс етті.

Мерекелік қойылымда Жер ана, Қыдыр ата, Көктем ортаға шығып, әсем ән мен күй, мың бұралған би төгілді. Тілекші Ниязова, Динара Құлмағамбетова, Мейрамбек Мамбетов, Илана Хамитова, Жанболат Кенжеғалиев және басқа да өнерпаздар мен мектеп оқушыларының өнері түске дейін созылған концертте көрерменге мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жақсы ұйымдастырылған шараны одан сайын шырайландыра түсті.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521