Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған шырша

(0 Votes)

Хиуаз ауылындағы Жаңаталап ауылдық клубында «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы ұйымдастырылды. Былтыр ғана пайдалануға берілген ғимараттың кең залының төріне әсем безендірілген жасыл шырша орнатылыпты. Әр округтерден келген ата-аналар мен балалар көңілді.

Биыл бұл шараға барлығы 120 бала қатысса, оның 48-і жетім балалар. Шыршаның өтуіне аудан әкімдігі, жеке кәсіпкерлер Бекес Сәрсенғалиев, Валерий Ниғыметов, Тұрарбек Боханов, Самат Айдарәлиев, «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының «Жаңа жылды қарсы алайық» қайырымдылық жобасы және ата-аналар демеушілік жасаған.

Бүлдіршіндердің орындауындағы «Жаңа жыл» әні тыңдалып, би тамашаланғаннан соң аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы:

– Бүгін сіздермен, Жаңа жыл қарсаңында бас қосып тұрмыз. Ауданымыздың білім саласында өтіп бара жатқан жылда біршама жұмыстар атқарылды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып, ұстаздардың біліктілігін арттыру басты назарда ұсталып, білім сапасы жақсарды. Енді, бұл жылды қорытындылап, Жаңа жылға қадам басамыз. Ол балалар мен ата-аналарға мол бақыт, қуаныш, ырыс пен береке сыйласын деп тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз бай-бақуатты болып, жылды жақсы қарсылап, көңілді өткізейік, – деп «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының өкілі Ботагөз Шарданбаеваға Алғыс хатын ұсынды.

Келесі кезекте аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжанат Қалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, «Каспий Құбыр Консорциумы» бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабилдиннің ізгі тілегін жеткізген компания өкілі Ботагөз Шарданбаева құттықтау сөз сөйлеп, бір топ балаларға қысқы киім-кешек пен сыйлықтар табыс етті.

Ата-аналар атынан Жұмазия Сәденова осындай әдемі кешті ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, аудандық білім бөліміне, жылда орталарынан табылатын Ботагөз Шарданбаеваға шынайы ризашылығын білдірді. Көңілді кеште ортаға ертегі кейіпкерлері Жалмауыз кемпір, сайқымазақтар, Қоян және Ұлу жылы, өлең оқыған балаларға сыйлығын үлестірген Аяз ата мен Қараша қыз қатысушы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT