Ресеймен іргелес жатқан ауданымызды Қазақстанның батыс қақпасы десек, шекарада орналасқан Бөкейхан ауылы сол қақпаның кілті іспеттес. Өйткені осы арадан күніне жүздеген шетелдік көліктер, саяхатшылар елімізге өтеді.
Олар үшін дәл осы жерден Қазақстан бастау алады. Соңғы уақытта жып-жинақы, тап-таза болып тұратын шағын ауыл жылдан-жылға өсіп, ажарланып, көркейе түсуде. Мұнда өздерінің туған ауылын еліміздің бет-бейнесі санап қастерлейтін тұрғындар мен ауданда басшылық қызметте жүрген азаматтардың, жұмысты жақсы ұйымдастыра білетін Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевтің еңбектері барын айта кетсек, артықтық етпес. Енді міне, ауыл көркін айшықтай түскен, шетелдіктерге қасиетті қазақ жеріне қадам басқанын білдіретін Салтанат қақпасы (арка) ашылды. Нысанның биіктігі 5 метр 30 сантиметр.
Салтанат қақпасының жоғары жағынан көк күмбезбен екі мұнараның ұшы көрінеді. Мұның өзі біздің аталарымыз мұсылман болғанын білдірсе керек. Ат пен қазақты айырып қарау мүмкін емес. Ер қанаты аттың тағасын төрге ілген бабаларымыз табысқа жетуге көмектеседі, жамандықтан қорғайды, бай болуға, отбасы махаббатын арттыруға көмектеседі деп сенген. Сол себепті бір жағына «Бөкейхан ауылы», екінші жағына «Жолыңыз болсын», деп жазылған Салтанат қақпасының екі бетіне де таға салынған.
Ал, екі шетіндегі тұғырының ортасынан ойып тұрып орын алған айқасқан қос найза мен олардың ортасындағы қалқан қажет кезде елі үшін отқа түсер ерлерді дүниеге келтіретін ұлт екеніміздің дәлеліндей. Елордада Тәуелсіздіктің 20 жылдығында «Мәңгілік ел» атты Салтанат қақпасы ашылған болатын. Сондай ұлттық рухты асқақтатар нысан ауданымызда да орын тепкенін жүрекке жылы қабылдадық. Жобаны жасап, жүзеге асырған «Dawil Prodakshn» жеке кәсіпкерлігі, әкелі-балалы Талғат және Аян Сатмағамбетовтер бізбен әңгімесінде құрылысқа 12 күн жұмсалғанын, алға қарай да Бөкейхан ауылы мен аудан көлемінде осындай нысандар салу жоспарларында бар екенін жеткізді.
«Бөкейхан ауылым» атты ән орындалғаннан кейін Салтанат қақпасының ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп:
– Бұл нысан ауданымыздың көркін аша түсетін өнер туындысына айналмақ. Себебі елді мекеннің үстімен, республикалық маңызы бар автокөлік жолымен өтетін қонақтарымыздың алдында ауыл реңін келтіретіні сөзсіз. Мемлекет, облыс, аудан әкімдіктері тарапынан алынып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін халықтың сезінетініне сенімім мол. Ауылдарды дамыту жұмыстары одан әрі де жалғаса беретін болады, – деді.
Бөкейхан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов:
– Бүгін Қазақстанның батыс қақпасында ең бірінші тұрған елді мекенде үлкен мереке. Ауылымыздың үстімен дүние жүзінің төрт бұрышынан ағылған халық өтіп жатыр. «Қазақстан қандай ел?» деп бірінші келгендер жарқырап тұрғанымызды көрсе риза болады. Өздеріңізге белгілі 1757 жылға дейін Еділ мен Жайықтың ортасы қазақтың жері еді. Кейін оны ақ патша тартып алды. 1801 жылы Бөкей хан Павел І патшамен келісіп бұл жерді кері қайтарды. Сол Бөкей ханның арқасында бұл аралық қазақтың жері болып қалғаны тарихи шындық. Егемендік алғанда көптеген қиындықтар кездесті. «Бұл жер қашан жарқырап тұрады. Ауыз су, асфальт жол бізде болса ғой шіркін», деп армандайтынбыз. Енді бәрі бар. Тәуелсіздік алғалы жылдан-жылға көркейіп келеміз, – деп, елдің азаматтарына, аудан және округ әкімдеріне ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, өркендеп, дами берейік деген ізгі тілегін жеткізді.
Салтанат қақпасының алдына керілген қызыл лентаны аудан әкімі Абат Жанғалиев, Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов қиып, ұлттық киім киген қыздар шашу шашты.
Қанат ҒҰМАРОВ