Бұқаралық спорт алға бассын десек...

(0 Votes)

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу бұл бүгінгі күннің басты межесі. Өйткені дамыған елдердің көшіне ілесу жолында бәсекеге қабілетті, ой-өрісі озық ұлттың ұрпағы ғана тегеурінге төтеп бере алады. Оның үстіне, спорттағы жетістік мемлекет мерейін асырып, әлем елдері арасындағы беделді өсіреді. Сондықтан қазір Қазақстанның ірі қалалары мен облыс орталықтарымен қатар, әр ауылында да спорт кешендері көптеп бой көтеруде. Иә, қазір қалаға ғана емес, ауылға да барып қалаған спорт түрімен айналысуыңызға болады. Демек, алдағы уақытта чемпиондар алыстағы елді мекендерден шығып жатса, таңғалмаңыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деп атап өткенін жақсы білеміз.

Шыны керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген ауылда спорт мектептері жабылып, тұрғылықты халықтың спортпен шұғылдануларына жағдай жасалынбай кетті.  Бүгінде «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген кезең арта қалып, заман түзелді. Қазір елді мекендерде спорт кешендері ашылып, спорт пен дене шынықтыруға жан-жақты жағдай жасалуда. Саламатты өмір салтын ұстанумен бірге, өңірде спортты дамыту маңызды міндеттердің бірі екені анық. Бұл тұрғыда өңірде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Ең бастысы, ауданда бұқаралық спорттың даму деңгейі біршама артып, спорт мектептерінің де жұмысы жүйеленіп келеді. Бұл өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға деген көзқарасының дұрыстығын білдірсе керек.

Елдің дамуы үшін білімді болуымен қатар, дені сау болуы маңызды. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен бірге, спортпен шұғылданып, өзін түрлі қырынан дамытуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Бұқаралық спортты дамыту арқылы ел жастарының дені сау, мықты азамат болып өсуіне, сол арқылы ұлттың саулығын нығайтып, бұқаралық спорттың маңызын арттыра түсетініміз анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударып келеді. Жолдау жүктеген міндеттерді әр өңір тиісінше атқаруда.

Ауылдағы бұқаралық – көпшілік спортты дамытуда ауданға қарасты екі ауылда спорт кешенінің құрылысы басталған-ды. Соның бірі – 2023 жылдың қазан айында басталған Нұржау ауылындағы спорт кешенінің құрылысы. Жоба құны 465270,0 мың теңге. Бұл нысанда  қазіргі уақытта ішкі-сыртқы жұмыстар аяқталып,  қажетті жиһаздар мен құрал-жабдықтарын ораластыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме – «Номад құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды пайдалануға беру құжаттарын рәсімдеу үстінде. Бір қабатты спорттық кешеннің жалпы ауданы 10 мың шаршы метр,  онда баскетболға, волейболға арналған алаң, кіші футбол алаңы, воркаут спорт алаңы, жаттығу залдары, тренерлік кабинеттер мен жуыну бөлмелері қарастырылған. Сонымен бірге, дәрігер кабинеті, үйірмелерге арналған және киім ауыстыру бөлмелері бар.  Алдағы уақытта спорт кешенінен волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, күрес, тағы басқа да спорт түрлеріне арналған секциялар ашылып, халық игілігі үшін жұмыс жасайтын болады. Жобалық-сметалық талаптарда атап көрсетілгендей, спорт кешенін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етіліп, одан бөлек, ғимараттың ауласына абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі.

Аталған мекеме осы құрылыспен қатар бір мезетте Сүйіндік ауылынан да 48 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастаған болатын. Жоба құны 1064269,0 мың теңге. Ондағы құрылыс жұмыстары жалғасу үстінде. Бұл – әрине үш мыңға жуық тұрғыны бар алыстағы Азғыр өңіріндегі үлкен ауыл үшін қуанышты оқиғаның бірі болатыны анық. Сәтін салса, алдағы уақытта аяқталып, қолданысқа берілмек. Екі құрылыстың да тапсырыс берушісі аудандық құрылыс бөлімі. «Номад құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесімен Сүйіндік, Жалғызапан, Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Кадырка, РТС, Жапырық, Алға, Дәулеткерей, Нұржау, Орлы, Шестой елді мекендеріне спорт алаңдары құрылысын жүргізу қолға алынды. Жобаның жалпы құны 1551730,0 мың теңге. Қазіргі таңда Кадырка, РТС, Жапырық, Алға, Дәулеткерей, Нұржау, Орлы, Шестой елді мекендеріне спорт алаңдарының құрылысы аяқталды. Қалған жеті нысанның құрылысын ағымдағы жылы аяқтап, тапсыру жоспарлануда. 

Жұмекен және Сафон ауылдарынан 48 орындық екі спорттық кешеннің құрылысы 2024 жылдың аяғында бастау алды. Қос нысанға тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі, екеуіне де жергілікті бюджеттен 200000,0 мың теңге қаралды. Ал, жобаның жалпы құны Сафон спорттық кешеніне 1406046,0 мың теңге, Еңбекшіге 1429163,0 мың теңге болып белгіленді. Құрылысты   мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде мердігер мекеме болып анықталған «БатысСтройСервис-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Нысанды ағымдағы жылдың аяғына дейін толықтай аяқтап пайдалануға беру көзделді. Қазіргі уақытта екі қабаттан тұратын нысан басында мердігер мекемемен іргетас құю, металл конструкцияларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Кешенде үлкен спорттық зал,  санитарлық тораптармен жабдықталған жаттықтырушыларға, әйелдер мен ерлерге арналған киім ауыстыру бөлмелер және техникалық-санитарлық кабинет пен медициналық көмек көрсету пункті орналасатын болады. Құрылыстың жұмыс барысымен танысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық құрылыс бөлімі басшысы Жасұлан Сүндетов барлығын жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген техникалық талаптарға сәйкес атқару, жобадан ауытқуға жол бермеу, қолданылатын материалдардың сапасына мән беру сияқты жайттарды қаперге берді. Нысан аудан әкімдігі және тапсырыс берушінің, «AMANAT» партиясының бақылауында болатынын да еске салды. Аудандық құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша 2025 жылы Жыланды ауылындағы көпфункцияналды спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.

Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам ресурсы, ал оның денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Ел Президенті әр Жолдауында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырмайды.  Халықтың денсаулығын, оның тұрмыс сапасын жақсартуда бұқаралық спорттың орыны ерекше. Осы тұр­ғы­дан қарағанда, саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру мемлекеттік саясат­тың басты бағыты болып табыла­ды. Дене шынық­ты­ру мен спорт, саламатты өмір сал­тын қалыптастыру, жастарды руха­ни тәрбиелеу азаматтар ден­сау­лығын жақсартудағы ең маңыз­ды құралдардың бірі. Осы­ған байла­нысты, жергілікті атқарушы орган­дардың бірінші кезектегі міндеті – барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынық­тыру бағытында шаралар ұйымдастыру екені белгілі. Сонда ғана дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көрінуге нық қадамдар жасайтынымыз анық. Спорттың арқасында жастар­ды есірткіден, ішімдіктен, темекі­ден және басқа да жаман әдеттер­ден алшақ ұстайтын да боламыз. «Дені сау ұлт» жобасының да маңыздылығы осында. Cпорт – денсаулық кепілі. Бүгін­де жалпы Қазақстан халқы­ның алдында жоғары білімді, бәсекеге қабілетті ұлт құру міндеті тұр. Бұл заман талабы, қазіргі өмір­дің шарты. 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT