Біз азат елдің ұланымыз

(0 Votes)

Еліміз Егемендігін алып, қазақтың сан талай тарих діттеген мақсатына жеткеніне биыл – 30 жыл. Өйткені, Тәуелсіздік ата-бабамыздың ежелден аңсаған арманы. Торқалы тойымызды дүркіретіп тойлап, оған байланысты шаралар өткізу жылдағы дәстүрге айналды. Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен көшпенділердің  жарты миллион жылдан кейінгі еңсерген бұл жетістігі соған әбден лайық.

Мен – Тәуелсіз елдің ұрпағымын. Оның алғашқы он жылдығында өмірге келген қыр баласымын. Ес білгелі, соғыстың зұлматын білмей, атылған оқтың дыбысын естімей, бақытты балалықтан жалынды жастықта ғұмыр кешіп жүрміз. Сондықтан мен үшін егемендік – бейбіт өмірімен құнды. Зайырлы мемлекеттің іргесі қаланып, талай жетістікке жетіп, әлем картасында шекарамыз шегенделген соң, әрі қарай гүлденуіне үлесімді қосуды - перзенттік парыз санадым. Бұл ретте, 2014 жылдан бастап аудандық Жастар ресурстық орталығында дебатеор болып, түрлі турнирлер мен форумдарға қатыстым. Ерікті ретінде  көптеген іс-шаралардың басынан табылдым. 2015 жылы аталған орталықтан үш ай мерзімде еңбек тәжірибесінен өттім. Алғашқы еңбек жолымды №80 бастауыш мектебінде жүйе әкімшісінен бастадым. Алайда, Жастар ресурстық орталығының сол кездегі бірінші басшысы болған Б.Уахитовтың ұсынысының негізінде 2015 жылдың желтоқсан айында қара шаңырағыма айналған ЖРО-ға қайта оралып, жетекші маманы ретінде тұрақты жұмысқа қабылдандым. Содан бері орталықтың білікті де бірегей  қызметкеріне айналып үлгердім. Әр жас маман үшін бастапқы жылдардың қиындық пен қызыққа толы болары ақиқат. Себебі, сен, енді оқушы не студент емес,  бір салаға толық жауапкершілік арқалаған мамансың. Сол кездегі әріптестерімнің қолдауы мен бағытының арқасында өз ісінің маманы атанып үлгердім.

Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек болса, соның бірі – мамандық таңдаудан жаңылмау. Осы тұста шалыс баспадым. Шүкір, еңбегімнің жемісін көрудемін. Елбасының жасап берген мүмкіндіктерінің арқасында, оның жастарға сенген сеніміне сызат түсірмедім. Оның айқын көрінісі – мен алған қамалдар. Яғни, азаматтық белсенділігім мен еңбек жолындағы табысты қызметім үшін ҚР Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатын алып, ҚР жастарының «Алтын кітабына» есімім енді. ҚР дарынды жастарының «Алтын төсбелгісімен» және Құрманғазы ауданының  «Jas Daryn 2020» жастар премиясында «Үздік жас маман» номинациясының иегері атандым. Аудан әкімінің, Атырау облысы  Жастар саясаты мәселелері басқармасының, қала берді «Jas Otan» ЖҚ Атырау облыстық филиалының алғыс хаттарын қанжығаладым. Алар асуымның алда, маған бағынар белестің әлі көп екенін білемін. Бұл жетістіктер – елімнің ертеңіне септігім тисе екен деген ниеттің тазалығынан келген дүние деп танимын.

 Өзім қашан да ой-өрісімді жаңартып, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Жаңашылдыққа жаным құмар. Күні-кеше Жастар қызметкерлері қоғамдастығы ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дүниежүзілік банкпен  бірлескен түрде ұйымдастырған «Тренерлерге және жастар ісі супервайзерлеріне» арналған тренерлік жиын легіне қатысып, тәжірибе алмасу нәтижесінде үлкен шабытпен қайттым. Осы уақытқа дейін,  Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей өзінің тапсырмаларымен тәуелсіз елдің жастары үшін «Жасыл Ел», «Болашақ», «Дипломмен ауылға», жастардың алғашқы еңбек жолына арналған «Жастар тәжірибесі»  жобалары тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Мен де жоғарыда айтылған тренингтен тың идеялармен оралып, құрманғазылықтарға сапалы әрі өміршең проекттер әзірлеудемін. Оң бағасын алса, ол да жүзеге асып, аталға жобалар сынды ғұмырлы бағдарлама боларына сенімім мол.

Менің дәл осылай ойымды бүкпесіз айтып, қалауымды астарсыз жеткізіп, емін-еркін пікір білдіре алуым – егемендіктің берген жемісі. Ешкімге құл болмай, демократиялы елде ғұмыр кешкен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде  соқтықпалы соқпақтарымды кедергісіз салып жатқан алаңсыз болашақ иесімін. Бұл күніме сансыз шүкір! Елдігіміз ерен, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

 

Қайыржан Бауыржанұлы

Аудандық Жастар ресурстық орталығының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT