Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев «Құрманғазы ауданының 2022 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құрманғазы ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында биыл 30 адамға 37 миллион теңге мемлекеттік грант берілді.
-Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында аудан кәсіпкерлеріне барлығы 2 жобаға 32 миллион теңге несие беріліп, өз жұмыстарын бастады. Жаңадан жалпы алаңы 481 шаршы метрді құрайтын 2 кәсіпкерлік нысаны, яғни азық-түлік дүкені іске қосылды, деді М.Мурзиев.
Айта кетейік, осы жылдың алғашқы тоқсаны бойынша ауданда 2676 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызға артық.