Биыл халық санағы қалай өтеді?

(0 Votes)

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілген болатын.

Биыл қазан айында Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үшінші мәрте халық санағы өткізілгелі отыр. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына, «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы» Үкімет Қаулысына сәйкес, сондай-ақ әлемдік деректермен салыстырмалылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда халық санағы он жылда бір рет жүргізіледі.

2015 жылдың маусымында БҰҰ-ы 2020 жылы халық санағының кезекті раундын жүргізу керектігін жариялаған болатын. БҰҰ-ның ұсынымын назарға ала отырып, ТМД мемлекеттерінің Басшылары Кеңесінің 2016 жылдың қыркүйек айында Бішкекте өткен отырысында, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде кезекті халық санағын 2020 жылға барынша оңтайлы мерзімде — 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазанды қоса алғанда жүргізу туралы шешім қабылданды. Осы қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағын 2020 жылдың қазан айында өткізу белгіленді және «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді.

Қазақстан Республикасы халқының санағын өткізу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 27 шілдесі мен 25 тамызы аралығында өткізілетін болады. Бұл кезеңде жұмысқа тартылған интервьюерлер елді мекендердегі тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасақтайды, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекен бойынша аралау жұмыстарын жүргізеді. Жиналған мәліметтер Аудандастыруға, яғни өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақтың екінші кезеңін өткізуге нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу үшін пайдаланылады. Екінші кезеңде 1 мен 30 қазан аралығында халықтың ұлттық санағы өткізілетін болады. Халық санағын өткізу кезінде халықты есепке алу Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 2020 жылғы 30 қыркүйектен 1 қазанға қараған 00 сағат 00 минут сәтіндегі жағдай бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Ресупбликасындағы 2020 жылғы халық санағы кезінде төмендегідей категориялар санақтан өткізілетін болады:

- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты (әдетте) тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін (дипломатиялық корпус) орындаумен немесе ұзақ мерзімді қызметтік ісссапармен, оқуға («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды қоса) байланысты 12 ай және одан көп мерзіммен шетелде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген олардың отбасы мүшелерін қоса);

- Тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша (12 айдан кем) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.

Ал, төмендегідей категориялар санақтан өтуге жатпайды:

- шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

- «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан көп мерзімге шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары (12 айдан аса болмайтын кезеңінің ұзақтығына қарамастан);

- өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері.

2020 жылғы халық санағының осыған дейін өткізілген санақтардан елеулі ерекшеліктерінің бірі - бұл Интернет желісі арқылы электронды санақ парақтарын толтыру және портативті құрылғылар – планшеттерді, яғни заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлері де (ЖСН) санақ парағына ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет енгізіліп отыр.

Халық санағы ақпаратты жинаудың екі әдісін пайдаланумен өткізіледі:

1) Интервьюерлердің респонденттерге 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында планшетті пайдалана отырып электронды санақ парақтарын толтыруы арқылы сауал салуы;

2) Халық санағының басталуымен біруақытта 2020 жылғы 1-15 қазан аралығында алғашқы 15 (он бес) күнтізбелік күн халық санағы Интернет желісі арқылы www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында онлайн режимде өткізілуі. Интернет сауал салудан өту үшін респондент www.sanaq.gov.kz сайтында мынадай деректемелерді: жеке сәйкестендіру нөмірін, жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірін, ұялы телефонның нөмірін, электронды поштаны растау кодын, парольды көрсетіп тіркеуден өтуі және жүйеге кіруі тиіс.

Сәтті тіркелген және авторланғаннан кейін респондентке төмендегідей: 1-ПП «Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі», 2-Ж «Тұрғын үй жағдайлары», 3-И «Жеке» және тиісті жағдайларда 4-В «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер» санақ парақтарының электронды нұсқалары қолжетімді болады. Санақ парағының сұрақтары мен жауаптары үшін қосымша оны толтыру жөніндегі түсіндірмелер мен әзір жауаптар қарастырылған. Онлайн режимде санақ аяқталғаннан кейін респонденттің ұялы телефон нөміріне және тіркеу кезінде көрсетілген электронды поштасына өзінің және үй шаруашылығының әрбір мүшесінің ұлттық халық санағынан өткендігі туралы бірегей нөмірі бар хабарлама келеді.

Ағымдағы жылдың 18 ақпанынан бастап жоғарыда аталған сайт тестілік режимде жұмыс жасап тұр және халық санағы басталғанға дейін еліміздің әрбір азаматының санақтан өтуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, аталған мерзім аяқталғаннан кейін барлық енгізілген мәліметтер жойылатындығын және халық санағының негізгі кезеңінде ресми түрде санақтан қайта өту қажет екендігін ескерген жөн. 2020 жылғы халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды!» атты ұранмен өткізілетін болады. Халық санағының «Халық санағы 2020» логотипі бекітілді және ол шаңырақ астындағы халық бірлігі мен отбасы құндылықтарын білдіреді, қолдары көкке көтерілген «адамдар бейнесі» іс-шараның ашықтығын, қауіпсіздігі мен маңыздылығын нақтылайды. Халықты ақпараттандыру мақсатында іс-шаралар жоспарына сәйкес, халық арасында 2020 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Осы мақсатта, Атырау қаласы мен аудандар көлемінде билбордтар мен баннерлер орналастыру, сонымен қатар, әр түрлі форматтағы ақпараттық парақтар дайындап халық арасында тарату көзделіп отыр.

Қазіргі таңда Атырау қаласы мен барлық аудандарда билбордтар мен баннерлерді орналастыру жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі күні олардың 100-ге жуық данасы облыстың елді мекендерінің орталықтарында орналастырылған. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын жерлерде (халыққа қызмет көрсету орталықтары, ірі сауда үйлері, базарлар және т.б.), қалалық қоғамдық көліктерге орналастыру және ұжымдар мен оқу орындары арасында тарату үшін ақпараттық парақтар мен брошюраларды, мобилді (портативті) баннерлерді жергілікті атқару органдарымен дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл мақсатта 14 мыңға жуық мобильді (портативті) баннерлер дайындалып, ақпараттық парақтар басылып шығарылатын болады. Бұған қоса үгіт-насихат материалдарын қазіргі заманғы жарнамалық лэд-экрандарға орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2020 жылғы халықтың ұлттық санағын өткізу барысы туралы қоғамды ақпараттандыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика Комитетімен мемлекеттік және орыс тілдерінде 8 ақпараттық бейнеролик және 1 аудиоролик дайындалды. Санақтың бірінші кезеңіне қатысты бейнеролик а.ж. 10 шілдеден бастап 25 тамыз аралығында жергілікті телеарналардан көрсетіле бастайтын болады. Одан кейін қалған бейнероликтердің көрсетілімі мен аудио материалдың тыңдалымы арнайы кестеге сәйкес а.ж. 15 қыркүйегінен бастап санақ аяқталғанға дейін жалғасатын болады. Сондай-ақ, әрбір үй шаруашылығына ай сайын жеткізілетін коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің түбіртектеріне де қысқаша ақпарат орналастыру жоспарлануда.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ықпалдасуымен және белсенділік танытуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әр түрлі форматта бұдан әрі де кең түрде жүргізілетін болады. Қазіргі таңда халық санағының бірінші кезеңіне санақ персоналын іріктеу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының бірінші кезеңін өткізу үшін Атырау облысы бойынша санақ персоналы: 37 уәкілетті тұлға, 19 нұсқаушы-бақылаушы және 125 интервьюер (тіркеуші) уақытша жұмысқа тартылатын болады. Уәкілетті тұлғалар 2020 жылғы 15 маусым - 15 қараша (еңбек шарты негізінде 5 айға, жалақы мөлшері 79 813-94 024 теңге аралығында), нұсқаушы-бақылаушылар 2020 жылғы 20 шілде - 2 қыркүйек (өтеулі қызмет көрсету шарты негізінде 1,5 айға, 119 070 теңге), интервьюерлер 2020 жылғы 27 шілде - 25 тамыз (өтеулі қызмет көрсету шарты негізінде 1 айға, 79 371 теңге) аралығында жұмыс атқаратын болады. Жұмыс өтілі бойынша оларға талаптар қойылмайды. Ал, кәсіптік білім деңгейі жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жалпы орта білім болуы мүмкін. Санақ персоналдарын жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңының 28-бабының 2-тармағының 1) тармақшасының талаптарына сәйкес, «Электрондық еңбек биржасы» (www.enbek.kz) мемлекеттік интернет-ресурсына орналастырылды.

Сонымен қатар, Атырау қаласы мен аудандық жұмыспен қамту орталықтары арқылы да жұмыссыз азаматтар жұмысқа тартылатын болады. Қазіргі таңда ниет білдірушілердің өтініштерін қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Іріктеу жұмыстары Статистика Департаментінің арнайы комиссиясымен жүзеге асырылады. Жұмысқа қабылданған санақ персоналы оқудан өткізілетін болады. Халық санағының бірінші кезеңінде санақ персоналының айырып тану белгілері – бұл халық санағының логотипі, яғни атрибутикасы бейнеленген көк түсті сөмке (портфель), Статистика Департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған арнайы куәлік болып табылады. Атырау облысының тұрғындары интервьюерлермен оң қарым-қатынас қалыптастырып, халық санағы қорытындыларының әрбір тұрғын үшін де, жалпы ел үшін де маңызды екендігін түсіне отырып Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағына белсене қатысады деген сенімдемін.

Г.Мұханғалиева,

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Атырау облысының Статистика департаментінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521