Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автожолының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов ашып, тыңдауға қатысушыларға мердігер мекеме басшыларын таныстырып, сөз кезегін «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ-ның Атырау филиалының директоры Айтпаев Болатбек Қабылбекұлына берді.
«Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тас жолы үлкен маңызы бар құрылыс болып саналады. Құрылысы Ақтөбенің Қандығаш қаласынан Атырау облысына қарай жүріп келе жатыр.
Тасымалдаудың не себепті кідіруі, қажетті темір жол вагондарының жеткіліксіздігі мен айналма жолдарды күтіп ұстауға мердігердің және оған жауапты тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» мекемесі басшысы аудан халқының айтып, жазып жатқан сын-ескертпелеріне түсінік беріп, сұрақтарына жауап беріп, мамандардың өз жұмыстарына жауаппен қарайтынын айтты.Б.Айтбаев жұмысты екі ауысымда жасап, асфальт төсеп айына 30 шақырымын беріп отыруға толық мүмкіндігі бар екенін, бірақ күніне 4 учаскіге қажетті қиыршық тас (щебень) Ақтөбе облысынан келетін 150 вагон орнына 50-60 кейде, 30 вагон алып жұмысқа қол байлау болып отырғанын айтты. Жалпы 217 км шақырым жолға 65 млрд қаржы бөлініп отырғанын, соның 20-дан астам млрд қаржысы игерілгенін айтып өтті.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мердігер мекеме «СинеМидасСтрой БК» басшысы Ахмет Мудурұлы да жауап беріп, жалпы алғанда биылғы жылы жол құрылысының 70-80 шақырымы пайдалануға беріліп, қалғаны келесі жылға қалатынын айтты. Құрманғазы ауданына дейінгі жол құрылысына жауапты мердігердің айтуынша өз жауапкершілігіндегі 80 шақырымның 20 км айдың аяғына дейін қолданысқа беруге тырысатынын, ал қалған бөлігін тасымалдаушы вагон мәселесі шешілсе, түгел тапсыруға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі