«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Есболат Құбашев, Болатбек Өтегенов, Ақынжан Хұсайынов Құрманғазы, Еңбекші ауылдық округінде салынып жатқан медициналық пункт, 60 пәтерлік үй, стадион құрылысында болып, жұмыстың жүру барысымен танысты.
60 пәтерлік үйлердің жанынан бой көтерген медициналық пункт құрылысына тапсырыс беруші «Атырау экспортпроект» ЖШС. Мердігер мекеменің өкілі Амандық Хасановтың айтуынша салынып жатқан нысанның жұмыстары 80 пайызға бітіп тұр. Толығымен аяқталу мерзімі 2024 жылдың 22-ші қаңтары.
Алайда, осы айда құрылыс жұмыстарын толғымен аяқтап, тапсыру жоспарлануда. Ішіне жылу жүйесі тартылған. Көлемі 300 текше метр ғимаратта 2 тонналық су сақтағыш, ауласында қосымша генератор, қоқыс контейнері болады. Комиссия мүшелері бірқатар сұрақтар беріп, жауап алғаннан кейін құрылыс жұмыстарының жүру бағытына қанағаттанарлық деп танып, іске сәт деген тілектерін білдірді.
Оның маңында салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Мердігер «Бек и Ко» ЖШС. Учаске басшысы Нұрболат Мұратов комиссия мүшелерімен әңгімесінде биылғы жылдың жоспарында үйдің жертөлесін аяқтау қаралғанын жеткізді. Қазіргі уақытта жертөленің орыны қазылып, тегістеу жұмыстары жасалуда. «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Есболат Құбашев, Болатбек Өтегенов, Ақынжан Хұсайынов құрылысқа қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Аудандық стадион құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Град Строй Сервис» ЖШС. Қазіргі күні негізгі ғимаратының ішкі сылақтары соғылып, төбесін жабу жұмыстары жалғасуда.
Жұмыс кесте бойынша кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Учаске басшысы Сүйіндік Құлжігітов жасалатын жұмыстардың 40 пайызы орындалғанын комиссия мүшелерінің қаперіне берді. Стадион келесі жылы мамырда аяқталады деп күтілуде.
Қанат ҒҰМАРОВ