Ауданымызда туған жерді түлетуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған игілікті істер жалғасын тауып келеді. Өткен жұмада Бірлік ауылдық округі орталығында балалар ойын алаңы және демалыс саябағы бой көтеріп, ауылдастардың игілігіне берілді.
Екі нысан да бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни демеушілік есебінен тұрғызылды. Қаржылық қолдау көрсеткен облысқа кеңінен танымал «КаспийНефть» акционерлік қоғамы, құрылысын жүргізген мердігер мекеме – «Болашақ проект Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған екі компания бұған дейінде Бірлік ауылына кіреберіске заманауи архитектуралық үлгідегі салтанат қақпасы мен футбол алаңын қайта жаңғыртудан өткізіп берген болатын.


Қайта жаңғыртылып бүлдіршіндер мен спортсүйер жас жеткіншектерге есігін қайтара ашқан ойын алаңының лентасын қию құрметі «КаспийНефть» АҚ бас директоры Тыран Серік Базарбайұлы мен бірнеше жыл ауылдың әкімі болған мемлекеттік қызметтің ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақпанов Бауыржан Зұлпыхарұлына берілді.

Салтанатты рәсім жасалғаннан кейін шараға қатысушылар, әсіресе тағатсыздана күткен балалар жағы «Жақсыны көрмекке» дегендей, жаңа нысанды тамашалауға асықты.

Бүлдіршіндер әдемілігі көз тартатын ойын құрылғыларын айналшықтса, ересек балаларды дене шынықтыру тренажерлары мен волейбол мен баскетболға лайықталған шағын алаң ерекше қызықтырғандай. Алаң ауылдың қақ ортасында, сырты әдемі қоршалып, іші түгелдей жұмсақ төсеніш. Балалар ойнап жүріп абайсызда құласа еш жарақат алмайды. Бұл жағынан құрылысшылардың қауіпсіздік жағын әбден ойластырып жасағаны көрінім тұр.

Ауыл тұрғындарының сәнді де мәнді демалысы үшін салынған жаңа саябақ та әдемілігімен көз тартады. Алты қатар едәуір бой түзеп қалған түрлі тал-теректер, қоршауды жағалай егілген әсем гүлдер, жайлы отырғыштар күзгі бақтың сәнін келтіріп тұр. Кіреберіс асфальтталып, ішкі жағы төсемтастар төселген, ерекше үлгідегі жарықшамдар, шет жағында би алаңы мен концерттік шағын сахна.

Бір сөзбен айтқанда көңілді демалудың бар жағдайы жасалған. Жаңа саябақтың қақпасына керілген тұсаукесер лентасын ауылдың ақсақалдары, еңбек ардагерлері Нариманбек Шолтыров пен Батырбек Балтаев қиды.


Жаңа сахнада ұйымдастырылған ашылу салатанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев ауыл адамдарын бүгінгі қуанышты күнмен құттықтап, демеуші компанияның басшысы Серік Базарбайұлына Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыстады. «КаспийНефть» АҚ-ның ардагер ақсақалы Келтір Шәненов мұнай саласында отыз жылға жуық табысты еңбектеніп келе жатқан мекеме жайында мағлұматар беріп өтті.


Бірлік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Ақпанов тұрғындарды құттықтай келе ортақ игілік үшін жасалған жаңа нысандарды ұқыпты пайдалануды қаперге берді. Сөзінің соңында осы жұмыстарды сапалы атқара білген «Болашақ проект Атырау» ЖШС құрылысшыларына ризашылығын білдіріп, мекеме басшысы Тұрлан Амировті округ әкімі Нұрдәулет Дәреловтің Алғыс хатымен ұлығылады.

Жиын соңында ауыл мен аудан өнерпаздары шағын концерт ұйымдастырды.
Айбек НӘЖІМОВ

