Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке әкелумен қатар, болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.
ХХ ғасырға дейін республика көлемінде қазақтар басым болса, ел аумағына түрлі себептермен өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанып, тұрақтап қалды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи ерекшелігі — оның көпұлтты құрамы, бейбіт елде ұлттар мен ұлыстар татулық пен бірлікте өмір сүруі. 1995 жылы әлемнің басқа бірде-бір елінде кездеспейтін, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елімізде тұратын басқа этностардың барлық топтары өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды, бұл әрбір халықтың дамуы үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында ХХХІІ сессиясында осы ұйымды мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт деп атады. «Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені, бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз қажет», деген еді Мемлекет басшысы.
Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Мұны табиғи үрдіс деп түсінеміз. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни татулық пен бірлік – табысты мемлекет құрудың басты кепілі. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы бір бауырлас халықпыз. Мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға әр қазақстандық өз үлесін қосуы керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын!
Виктория Халменова,
Ақкөл ауылдық аналар кеңесінің мүшесі
Сурет ашық дереккөзден