Бірқатар өзекті мәселелер көтерілді

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысына  Есболат Құбашев төрағалық етті.

Алғашқы кезекте аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Мұратбек Мұхитовтың  жасалып жатқан жұмыстар жайлы хабарламасы тыңдалды. Комиссия  мүшесі Мереке Құмаров кейбір елді мекендерде әлеуметтік нысандар жоқтығын, инфрақұрылым нашар екенін айтып, алға қай округтерде  мәдениет үйі, спорт кешені, жол салу жоспарда бар екенін сұрады. Азғырдағы мәдениет үйі белгіленген мерзімде  аяқталмай отырғанын қаперге берді. Жазғы  спорт алаңдарын мектептердің теңгеріміне бермесе, күтімсіз қалатынын, бұл мәселе әлі шешілмей отырғанын алға тартты. Біреуінің құрылысы бітуге жақындап, екіншісі басталғалы отырған 60 пәтерлік тұрғын үйдің магистралды су құбырының үстінде тұрғанын, ертең оның салмағымен астындағы  құбыр жаншылса  2000 адам сусыз қалуы мүмкін екеніне алаңдаушылық танытты. Қатысып отырған  комиссия мүшелері Есболат Құбашев ойын алаңдарын салу жұмыстарын, Оразғали Алғаязов оларды неге қоршамайтынын білгісі келді. Айтуынша Нұржау ауылында ойын алаңы  автокөлік жолына тым жақын орналасқан.

Хабарламашы өз жауабында 8 ойын алаңының құрылысы аяқталғанын, 15 елді мекенде олар бір жобамен салынатынын айтты. Жоба  бойынша бәрінде де қоршау қарастырылмаған. Азғырдағы мәдениет үйінің 30 пайыздан басқа жұмыстары біткен. Жұмысты ойдағыдай жасамаған мердігер сотқа беріліп, қаржы өндірілген. Алайда жобаның мерзімі біткендіктен қайта жасау туындап отыр. Магистралды су құбырына қатысты тиісті орындарға хаттар жіберілген.

Құрманғазы ауданының әлеуметтік сала нысандарының 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы туралы хабарламасында  аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Венера Галиева атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қатысып отырған  комиссия мүшелері хабарламада сатып алынған құрал-жабдықтар айтылғанымен  олардың қай округтерге берілгені  нақтыланбағанын жеткізіп, келесі жолы қайта тыңдау қажет деп шешті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521