Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, қазақтың алтын бесігі аталған ауылдарды дамыту, оны жүзеге асыруға мемлекеттік қолдау шараларының бәрін «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарламаларға біріктіру керектігін алға тартты.
Бұл тиімді бола түсер еді. Қазір көптеген бағдарламалар бар, бірақ, оларды шаруагерлер біле бермей қолдаудан тыс қалады. Компьютердің жұмыс үстеліне файлдарды шашып тастасаң қажет кезінде іздеп отырасың. Ал, папкі ашып жинап қойсаң қайда тұрғанын тез табасың. Сол себепті мемлекеттік қолдау шаралары аталған бағдарламаларға біріктірілсе қолжетімді бола түсер еді.
Мемлекет басшысы ауылдағы тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге мән беруді нақтылап айтты. Ауылдық жерлерде қаржылық және мемлекеттік қызметтер «Қазпошта» арқылы орындалып жатқанына тоқталды. Иә, елді мекендерде банкте осы мекеме ғой. Зейнетақыны, жәрдемақыны поштадан алады. Ауыл тұрғындары игілігін көруде. Бірақ, сол пошта қызметінсіз қалған ауылдарда бар. Шалғай жатқан Асан ауылдық округі өз алдына, ауданның теңіз өресі аталатын негізгі бөлігінің кейбір округтерінде пошта ғимараты жоқ. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы үшін «Қазпошта» АҚ оларды жауып тастамай қайта ашқандары жөн деп ойлаймын.
Балғаным Хасенова,
аудандық аналар кеңесінің төрайымы