Аудандық мұражайдың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын-драматург Марат Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына орай «Бірегей биік тұлға еді» атты көркемсөз оқудан аудандық байқауы өтті. Шараға аудан мектептерінен 12 оқушы қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар ақынның бір өлеңін нақышына келтіріп, жатқа оқыды. Кейбір оқушылар жақсы дайындалып келіпті. Дегенмен, сайыс болған соң толқу да болады. Сондықтан шығар, жатқа айтуды жап-жақсы бастап, ортасына келгенде мүдіріп қалушылар да кездесті. Жартысын жатқа, қалғанын қағазға қарап оқығандар да болды. Сол сияқты өлең оқу мәнері, сахнада өзін ұстауы да әділқазылар назарынан тыс қалмады.
Осы байқаудың талаптарына сай келген Имашев орта мектебінің оқушысы Ильнара Тұралбекқызы І орынды иеленді. ІІ орынды Асылай Ғаділжан (Панфилов) мен Гүлім Теміржан (Абай) еншіледі. Еділбай Ислам (Еңбекші) және Амина Серікбай (Абай) ІІІ орынды місе тұтты. Әділқазылар тарапынан басқа да қатысушыларға дипломдар табыс етіліп, осындай тәлім-тағылымы мол шара өткізіп, ауданымыз мақтаныш тұтар тұлғаны насихаттап жатырған аудандық мұражай ұжымына алғыстар айтылды.
Қанат ҒҰМАРОВ