Бір туар қаламгерді құрметпен еске алды

Фото: редакция қорынан
(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рахмет Иманғалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Туған жердің киесі – дархан дарын иесі» атты аудандық шара өтті.

Мәдениет үйінің фоэсінде қаламгердің кітаптарының және тұтынған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сахна төріндегі LED экраннан өмірі жайлы бейнедерек көрсетілді.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов Р.Иманғалиевтің ауданымызға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, есімі ұлықталып, тұрған үйінде мемориалдық тақта ашылғанын жеткізіп, әке шаңырағын ұстап отырған ұлы, осы шараның ұйымдастырылуының басы-қасында жүрген Балағазы Рахметұлына Естелік хат табыс етті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова «Туған топырақта түлеген қаламгер» тақырыбында Р.Иманғалиевтің кітаптарына слайд арқылы шолу жасады. «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлан Қабылов көрнекті қаламгердің 40 жылдық қызметі, ерен еңбеккерлігі, демалыс күні де жұмыс жасай беретіні жайлы әсерлі әңгімеледі.

Сонымен қатар, алға қарай медиахолдинг тарапынан Р.Иманғалиев атындағы арнайы сыйлық, шығармашылық конкурстар ұйымдастыру қажет деген ұсынысын ортаға салды.

Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев Рахмет Иманғалиевтің шығармашылығына тоқталып, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Нұрболат Елеусіновтің арнайы сәлемін, әрдайым аға буынға деген құрмет жоғалмасын деген ізгі тілегін жеткізді.

Исатай ауданынан келген Р.Иманғалиевтің үзеңгілес серігі, өлкетанушы, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Мүтиғолла Нәсиханов «Киелі мекен-құм Нарын», аталған ауданның мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали «Мұрасы мол мекен» атты кітаптарды, Исатай ауданының әкімі Мусин Нұрымның Естелік хатын Б.Иманғалиевке табыстады. Белгілі ақын, Исатай аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары, жауапты-хатшы Жоламан Дәулетияр Р.Иманғалиевке жол үстінде келе жатып шығарған арнау өлеңін оқып берді.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, журналистика ардагерлері, ауданымыздың Құрметті азаматтары ақын-жазушы Таңатар Дәрелұлы, Жұмақай Ғұмаров, Мадат Сәрсекеев бір жұмыс жасаған, жақсы біліскен жылдарда қанаттас болған ағаларының бойындағы ізгі қасиеттерді, жас қаламгерлерге деген қамқорлығын, сырбаз мінезі мен тектілігін әсерлі әңгімеледі.

Шара барысында аудан өнерпаздары әсем әндер орындап, соңында Р.Иманғалиевтің қызы Гүлбадан мен ұлы Балағазы сөйлеп, ұйымдастырушыларға, арнайы келіп қатысқан шара қонақтарына шынайы лебіздерін білдіріп, шаңырақ атынан естелік сыйлықтарын табыстады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT