...Бір солдаттың тамағы

Фото: Қармақшы таңы
(0 Votes)

Сонау соғыс жылдары,

Түсінген ел саналы,

Ұран болған: «Бір балық

– бір солдаттың тамағы»

Көнбейтұғын ырбаңға,

Күндер баста түнерген.

Майданға!, - деп тұрғанда,

Қалдырылған «броньмен».

«Көк теңізге апарды,

Қақап тұрған қыс еді»,

Әкем сол бір сапарды,

Дейді: «Көрген түс еді».

«Мұзды оямыз метрлеп,

Қолдар үссін домбығып.

Ауызыңды ашсаң «кесір» деп,

Бастан асар зорлығы.

Армандадық бұл соғыс,

Бітсе екен деп тезірек.

Нан жоқ, қиын күнкөріс,

Айтса нанбас келді кеп.

Сақылдаған сары аяз,

Алғызбайды көз шырым.

Деп боқтайды: «Жан аяр»,

Тыңдап жатыр сөзді кім?

Қоға күрке панамыз,

Шықты-ау әбден итіміз.

Мұзға қағып аламыз,

Киімде өрген битіміз.

Кетпеу үшін жауда кек,

Қинар тағы «аула» деп.

Айтуға да қорықтық,

Жанымызға сауға, деп.

Көп ауладық тонналап,

Сүйрей алдық алға көш.

Орындалды сол талап,

Үсіп өлсін қанша дос.

Аруақтар кіл тірі,

Тұрып жаттық аңша біз.

Көктемде еріп, мұз жүріп,

Өлдік батып қаншамыз?

Еңірейтін жан әкем,

«Ол бір күнді айтпа» деп.

«Қолдан келер шара не?

Жүрмегей тек, қайта кеп»

Мойын қиған кіл қамыт,

Олардың не жазығы?

Болған кезде бір балық

– Бір солдаттың азығы

. Ойлау қате қарағым,

Жеңіс жеңіл келді деп.

Жүрек әлі жаралы,

Айтсақ құдай берді деп.

Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT