Бір күндік өмір сүретінбіз

(0 Votes)

Кеңес Одағының кезінде Ауғанстанда соғыс жүріп жатқаны жасырын ұсталды. Алайда, жігіттер: «Мама, мұнда бізге оқ атады, Мұнда соғыс жүріп жатыр», деген әнді айтып жүргенін талай естідік.

Сол соғыстың бел ортасында жүрген, кеудесін марапаттар көмкерген Сағынғали Молдағалиевті әңгімеге тарттық. Молдағалиев Сағынғали Қайырбекұлы 1965 жылы 9 желтоқсанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1973 жылы Абай атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданып, 1983 жылы 10 сыныпты аяқтаған. Одан кейінгі жылдарда аудандық СПТУ-188 кәсіптік-техникалық училищесінде оқып механизатор-жүргізуші мамандығын алған. 1984-1986 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Ауған жеріне аттанған. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келгеннен кейін аудандық «Қазсельхозтехника» мекемесіне автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. 1988 жылы Бибінұр Қаражановамен отбасын құрып, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеген, балаларын аяқтандырып, келін түсіріп, қыз ұзатып, олардан 4 немере, 2 жиен сүйген отағасы.

Ауған жеріндегі жорық жолдарын еске түсірген Сағынғали Қайырбекұлы:

– 1984 жылы 14 сәуір күні әскерге шақырылғанда Ауғанстанға баратынымды білген жоқпын. Алдымен Атырау, одан Андижан, кейін Ош қаласына әкеліп, екі ай әскери дайындықтан өткізді. Содан кейін Ауғанстанға кірдік. Кабулда Атырау облысынан шыққан 46 бала бірге болдық. Алайда, бір аптадан кейін бізді әр жерге бөліп тастады. Мен Пулихумри деген жерге түстім. Әскери «Камаз» көлігімен полктерге жүк тасумен айналыстым. Әрине, соғыстың аты соғыс. Кез-келген уақытта оққа ұшуың мүмкін. Кабулға түскенде ерекше әсерде қалдық. Кілең сақал қойған, ұзын киіммен жүргендер. Кімнің жау, кімнің дос екенін ажырату қиын. Ауған соғысының ерекшелегі осында. Күндіз жайына жүрген адам кешке жау болып шыға келеді. Ұлы Отан соғысындағыдай алдыңда шеп құрып жатқан дұшпан жоқ. Мұнда кейде қарсы шабуылға шықса, көбіне тасадан, үйлерден, теректер, тау арасынан атқылайды. Қапыда бассалады. Сондықтан әрдайым күтпеген жағдайға дайын тұрамыз. Шыны керек, Ауған жерінде бір күндік өмір сүрдік. Ертең бар немесе жоқ боларың белгісіз. Елге аман оралсақ екен деп жүрдік. Хайртон қаласынан Баграмға жүк тасимыз. 60 автокөліктен тұратын біздің әскери колоннаның басында командир, соңында саяси жетекші рациямен келе жатады. Жоғарыда тікұшақ. Жол бойында БТР-лар ілеседі. Үш рет дұшпан оғының астында қалып, тірі шықтық. 1986 жылы 26 тамызда елге оралдым. Енді мұндай соғыс болмасын. «Қайғысыз қара су ас», дегендей, бейбіт күнге не жетсін?! Жастарымыз ашық аспан астында ғұмыр кешсін. Бірақ, ер-азаматтың міндеті – Отан қорғау екенін жігіттеріміз естен шығармасын. Бабаларымыз бес қаруын сайлап, ат құлағында ойнап өссе, бүгінгі азаматтарымыз да әскери қару-жарақ пен техниканы жақсы меңгере білгені дұрыс– дейді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT