Бір күнде екі жалғызбасты ана баспаналы болды

(15 Votes)

Осыдан бір апта бұрын әлеуметтік желіде таралған Орлы ауылының тұрғыны Райгүл Адырапованың тұрмыстық жағдайы баяндалған бейнежазба бойында мейірімі бар кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық.

Бірнеше жылдан бері жақын туысының үйін жалдап тұратын жалғызбасты ананың жанайқайына алғаш болып құлақ түрген – «Құрманғазы» қайырымдылық қоры, «Сине Медиа Строй» камаз жүргізушілері және аудандық «Темірәлі» мешіті жанынан құрылған «Иман жастары» еріктілер тобы болды. Жақсылық жасаудан жарысатын жүрекжылуы мол азаматтардың бастамасына өңіріміздің жомарт жандары да қосылып, жағымды хабарды жақындатуға шама-шарқынша үлестерін тигізді.

j-berdi1

j-berdi2

«Көп түкірсе көл болады, көп біріксе ел болады» демекші, өзара ұйымшылдықпен қадірлі іске құлшынғандардың арқасында қиналған жерлесіміз бір-екі күннің ішінде-ақ жайлы баспанаға қол жеткізді. Үйдің құжаттарын дер кезінде рәсімдеуге жеке нотариус Вероника Садықова мұрындық болды. Тұғыры биік Тәуелсіздік күнінде «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев барша айтулы қуанышқа атсалысқандардың атынан Райгүл Адыраповаға 6 млн теңгеге сатып алынған үйдің кілті мен 500 мың теңге ақшалай көмекті табыс етті. Бүгінге дейін жыңғыл жарып, күл тасудан қолы күстенген нәзік анаауласы кең, жылу жүйесі, ауыз суы тартылған, қажетті жиһаздары жасақталған жаңа баспанасының табалдырығын аттай бере, толқыныстан жанарына жас алды. Ауылдың қақ ортасынан берілген құтты қонысы әсіресе мектепке шалғай жерден қатынауы қиын үш қызғалдағы үшінөте қолайлы екенін айтып, қайталап қайырымды замандастарына алғысын жаудыра берді. Басына бұйырған баспанасының іші бақ-берекеге толуын тілек еткен белсенділер тағы бір жанның мерейін асыруға Ақкөл ауылдық округіне аттанды.

j-berdi3

Бұл жолы көмекке зәрулік танытқан кейіпкеріміз – аталған ауыл тұрғыны – Айнагүл Аманова. Тағдыр тауқыметін тым ерте тартқан жалғызбасты ананың кішкентай төрт қызы бар екен. 14 жылдан бері паналаған ауыл шетінде орналасқан жақынының үйі шынтуайтынына келгенде, адам тұратындай деңгейде емес. Төбесі тіптен аласа, тап-тар үйдің терезесінен жел ысқырады, жаңбыр, қар жауса ішінде ылғалдан аяқ алып жүрер жер қалмайды. Үйге арнайы бас сұғып, мәселенің мәнісіне қаныққан мәрт ерлер бірауыздан Райгүл Адыраповаға қолдау ретінде жиналған қаражаттан артылған бөлігіне Айнагүл Әділбекқызына баспана сыйлауға бел буа кіріседі. «Қалауын тапса қар жанады» деген осы емес пе?! Айналдырған 3-4 сағаттың ішінде нағыз істің азаматтары сатылымға шығарылған бірнеше үйді аралап көреді. Нәтижесінде барлық жағдайы жасалған, ауылдың қақ ортасындағы көп қабатты үйдің бірінші қабатынан көңілге қонымды, бағасы 2 млн 500 мың теңгені құрайтын баспанаға тоқтайды. Сөз ретінде жеке нотариус Ғалия Дүйсенғалиеваның құжаттарды кезексіз рәсімдеуге септігін тигізгенін айта кеткен жөн шығар. Осылайша ойға алған іс орайын тауып, Тәуелсіздік күнінде екінші үйдің кілті мен 100 мың теңге қаржылай көмек ұрпақтарының қамын күйттеген анаға ұсынылды. Басқасын тізбектемегенде, ішінде әжетхана мен жуынатын ваннасы бар көп бөлмелі баспананың бір-ақ күнде иесі болу үш ұйықтаса да түсіне енбеген ол әлі де өміріндегі елеулі өзгеріске сенер-сенбесін білмей жүр. Ауыл жастары, көрші-көлем, ағайындары да жетпеген тұсын толықтыруға тырысу үстінде.

j-berdi4

Ағымдағы жыл – «Еріктілер жылы» аталып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен еріктілердің қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер - жаны таза адамдар. Олар - елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз»,-деген еді. Расында да, еріктілер қоғамның қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Бір күнде қос қуанышқа куә болу сәтінде «Құрманғазы» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Тариховты сөзге тартқанымызда, бұл жылы талай мұқтаждың жан жыртығын жамау мақсатында көптеген ізгі шаралар жүзеге асырылғанын және жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, игі істердің көбеюіне күш салатындардың қарасы күннен-күнге көбейіп келе жатқанын айтып, көңілімізді бір марқайтты. Елін ет жүрегі елжірей сүйереріктілердің еңсеміздің төмендемеуіне жұмсар ерік-жігері қашан да арта бергей демекпіз!

 Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521