Білімін қабілетімен ұштастырып...

(1 Vote)

Есімғалиева Тілекші 1986 жылдың 22 маусымында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында өмірге келген. 1992-2003 жылдар аралығында Абай атындағы орта мектепте білім алды. Мектепті бітіргеннен кейін жүрек қалауымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығына оқуға түсіп, 2007 жылы аталған жоғары оқу орнын «үздік» дипломмен аяқтады.

Сол жылы білім алуды университеттің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистратурасында жалғастырды. Магистратурада оқыған кезінде елімізге белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Сейталиевтің жетекшілігімен «Ғұмар Қараштың еңбектеріндегі тәлім-тәрбие мәселелері» тақырыбында зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында көптеген халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларда ғылыми мақалалары жарық көрді. 2009 жылы магистратураны аяқтап, «Педагогика және психология магистрі» академиялық дәрежесін иеленді.

Аталған білім ұясынан қанат қаққаннан кейін Маңғыстау өңіріне барып, алғашқы еңбек жолын бастады. Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Педагогика және психология» кафедрасына орналасып, жоғары оқу орнында мұғалім болып еңбек етті. Жалын атқан белсенді жасқа оқытушылық қызметпен қатар, осындағы «Қызғалдақ» қыздар клубының жетекшісі қызметін де қоса атқару тапсырылды. Бұл жұмыста да өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Алайда, туған елімнің дамуына өзімнің үлесімді қоссам деген арманы ғылымға бет бұрғызды. Ғылым жолын әрі қарай дамыту мақсатында 2016 жылы Алматы қаласының Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне «Педагогика және психология» мамандығы бойынша докторантураға оқуға түсті. Білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысып, басылымдарда ғылыми еңбектері, мақалалары жарияланды. Атап айтсақ, олар халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті журналдарында, SCOPUS базаларында жарық көрді. Қызметінде, оқуында еңбектері еленіп, түрлі марапаттауларға ие болды. 2019 жылы білім алуын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша докторантурасында жалғастырды. Алматы қаласындағы жоғары оқу орнынан кейін, көптеген елімізге танымал, педагогика мен психология ғылымының майталмандары, профессор тұлғалардан білім алды. Олардың қатарында, А.Көшербаев, Б.Тұрғынбаева, Қ.Аганина, О.Сангилбаев, Ұ.Әбдіғапбарова, М.Абсатова, Н.Жиенбаева және басқалары бар.

– Жас ғалым ретінде қалыптасуыма докторантурадағы ғылыми жетекшім, педагогика және психология саласын шетел тілдерінде дамытып жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әйгерім Көшербаеваның, диссертациялық жұмысымды қорғаудағы ғылыми пікір беруші педагогика ғылымдарының докторлары К.Кұдайбергенова, С.Темірғалиеваның еңбектері зор. Жылы лебізбен еске аламын. Докторантураны оқу кезінде Түркия елінің, Анкара қаласының, Гази университетінен ғылыми тағылымдамадан өттім. Түркия қаласындағы ғылыми шетелдік жетекшім – доктор, профессор Гиасеттин Айташ.

2020 жылы «Болашақ педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін көптілді білім беру жағдайында қалыптастыру» тақырыбындағы диссертациялық жұмысымды қорғап, «Педагогика және психология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін иелендім. 2021 жылдан бастап «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕ АҚ жанындағы диссертациялық кеңес жұмысына белсене араласып, болашақ ғалымдарды даярлауда ғылым саласына үлес қосып келемін. Астана қаласында өткен «Жас ғалым-2021» жобасының иегері атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталдым. Ғылыми бағытта жазылған ғылыми мақалаларым жарияланып, жүлделі орындарды иелендім. Ұстаз шәкірттерімен көрікті. Жоғарыда аталған ұстаздарым мені бүгінгідей дәрежеге жеткізсе, бүгінде өзім де шәкірттер тәрбиелеп, солардың жетістігіне қуанып жүрмін. Кейінгі нәтижелерге солармен бірге жеттім. Шәкірттеріммен 2023 жылдың 16 наурызында Баку қаласының Хазар университетінде өткен «Білім және Болашақ» бірінші халықаралық зерттеушілер байқауына қатыстым. Ақниет Тұранова – 1 орын, Ақерке Мұратқызы – 2 орын, Асель Жүсіпекова – 3 орын, Сымбат Сейткали – 3 орын, «Жас зерттеуші» жобасында Тұранова Ақниет пен Мұратқызы Ақерке 3 орыннан көрінді. Жыл сайын біліктілікті арттыру курстарына қатысып отырамын. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК «Дене шынықтыру педагогтарының кәсіби құзыреттілігі мен тәжірибесін жетілдіру» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курсын жүргіздім. Сонымен қатар, «Отбасы психологиясы», «Балалар психологиясы», Caspian University Winter School 2023 біліктілікті арттыру бағыты бойынша «Жобалық оқытуда Soft дағдыларын қалыптастыру», «Гештальт-подход. Пространство нашей жизни», басқа да курстарынан өттім. Ғылыми жолымды жалғастырып, бүгінде дипломдық жұмыстарға, диссертациялық жұмыстарға, мақалаларға, ғылыми әдістемелік-құралдарға рецензент болып өз пікірімді де беріп келемін, – дейді Тілекші Мақсотқызы.

Тілекші ғылым жолында психология ғылымының профессоры, доктор М.Перленбетов, Н.Тоқсанбаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Жиенбаева, А.Жорабекова, К.Оразбаева, Ж.Жүсіпова, Г.Аюпова және т.б. еліміздің әр өңіріндегі белгілі ғалымдар, профессорлармен әріптес болып, бірге қызмет атқарып келе жатқанын мақтан тұтады. Отбасылы. Қазіргі таңда Алматы қаласының Каспий қоғамдық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD лауазымы бойынша «Психология және педагогика» саласы бойынша қызмет атқарады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT