Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы

(3 Votes)

Оның өмірі мәдениетпен тығыз байланысты. Өнер десе ішке асын жерге қоятын, әр өнерпазды қолдап, оған тірек бола білетін жан.

Сырт көзге қатал, іштей жанашыр, қатулы қабағы - әділ басшылығы. Бала шақтағы арманы болашағына нық қадам болды. Ол мақтау сөзді ұнатпайтын, мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, сара жолын қалыптастырып үлгерген - көреген басшы, ел айнасы. Мемлекеттік қызметте еңбегі сіңген, ұқыптылық пен ұстамдылықты бойына түйген  газетіміздің мерекелік санының кейіпкері - Зияда Сәдуақасқызы.

Ол –  Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өнерлі отбасында дүниеге келген. 40 жылдан астам уақыт мәдениет саласында қызмет атқарып, оның 20 жылын басшылық еңбекпен жалғап келеді.

Киномеханикадан бастаған жолы бүгінде аудандық ішкі саясат,мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне жалғасты.

- Мен кішкентай кезімде көрші-көлемді жинап, сахна құрып, қолдан билет жасап, концерт ұйымдастырып жүрдім. Ата-анамның сәнді киініп, мәнерлеп сөйлеп, әдемі жүріп-тұратынына қызыға қарайтынмын. Менің мәдениет саласын таңдауыма әкем мен анамның 40 жылға жуық осы салада еңбек еткені үлкен ықпал етті. Маған әділ, еңбекқор, талапшыл қасиеттер мен биікке ұмтылу - ата-анамның тәрбиесімен келді. Жалпы, біз халықпен тығыз байланыста жүреміз, сол себептен де бала кезден бойға сіңірілген тәрбие негізі ұлттық бағытта болғандықтан осы мамандықты, қиында қызықты қызметті  таңдадым,-дейді Зияда Жоламанова.             

Осыдан 28 жыл бұрын жолдамамен аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің директоры қызметіне ауысып, 8 жыл өнер жанашыры болып еңбек етті.

Уақытпен санаспай, кедергіге қараспай, дұшпанмен таласпай еңбектеніп келе жатқан оның жетістіктері де аз емес. 2011 жылдан бері облыстық Құрмет грамотасының иегері, облыс әкімінің қолынан түрлі алғыс хат алып, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай "25 үздік қызметкер"  номинациясымен үздік атанды. Аққанат арманының жолында белден асқан ақтөбелік Зияда Садуақасқызы бүгінде құрманғазылық үлгілі келін, аяулы жар, қамқор ана. 

- «Әйел қырық жанды» демекші, бәріне үлгеруге тырысамын. Үлкеннің де, кішінің де көңілін табамын. Өз орнымды біліп,  үйдегі отана, әулеттегі келіндік парызыма шаң жуытпауға барымды саламын. Осындай дәрежеге жетуіме бірден-бір себепкер - жанымдағы ерім, қамқоршым да, қорғаушым да жолдасым,-дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Мемлекеттік қызмет - қиындығы мен қызығы бір жүретін үлкен жол. Нәзік жан болса да,  еңбегіне сызат, атына дақ түсірмей жүру - көптің қолынан келер іс емес. Дегенмен, іскерлік пен табандылықты талап ететін жолыңызда алар асуыңыз көп болсын, Зияда Сәдуақасқызы.

 

Жайдарлым Қайреден 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521