С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ұзақ жыл құрылыс саласында ерен еңбек еткен ардагер, ауданымызда, облыста басшылық қызметтерді үлкен абыроймен атқарған танымал азамат, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елдос Бектеміров ағамыздың 80 жасқа толуына орай «Ғибратты ғұмыр, ғаламат еңбек» атты мәдени шара ұйымдастырылды.
Алдымен аталған ғимарат алдына жиналған көпшілік мерейгерге көрсетілген үлкен құрметке, жиені Батырбек Әміровтің ерекше ықыласпен ізгі тілегін жеткізіп, ат мінгізгеніне куә болды. Мәдениет үйінде өткен шараның негізгі бөлігі мерейгер туралы бейнероликпен ашылды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп: – Елдос Бектемірұлы ағамыздың елге сіңірген еңбегін елеп, алыстан-жақыннан келіп жатқан ағайынға үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздер бүгін Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлының тапсырмасымен сәлемін жеткізіп және өзіміздің де атымыздан құттықтайық деп осы шараға арнайы келіп отырмыз. Сізді сексеннің сеңгіріне аяқ басқан мерейлі қадамыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Ерен еңбегіңізбен, кәсіби шеберлігіңізбен Құрманғазы ауданының және облысымыздың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, құрылыс саласының майталман маманы ретінде көпке мойындалдыңыз. Талай іргелі жобаның сәтті іске асырылуына тікелей жетекшілік етіп, ұйымдастырушылық қырыңызбен танылдыңыз. Сіз кешкен ғұмырдың ғибыраты мол. Ол өскелең ұрпаққа елжандылықты, еңбекқорлықты, туған жерге деген кіршіксіз қызмет пен табандылықты дәріптейді. Мерейтойыңызда сізге ізгі ілтипатымызды білдіріп, сарқылмас күш-қуат, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз, – деп облыс әкімінің Құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жапты.

Ақ тілектер легін аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, құрдастары атынан арнайы келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау облысының, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының Құрметті азаматы Ирзағалиев Қосыбек жалғастырды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, академик-жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы мерейгердің елге сіңірген еңбегіне тоқталып өтіп: – Біздің ауданда туып өскен түлек Елдостан басқа кезіндегі ең қаһарлы партияның қалалық комитетінің екінші хатшысы болып сайланған басқа адам жоқ. Бұл жасына, еңбегіне қарай таңдап алынатын жұмыс. Еңбекқорлығы, табандылығы аспаннан түскен жоқ, осында отырған ағайындарының да бойында Мақаштың қаны бар. Елдос тек еңбекте емес, жақсы азамат ретінде де танылды. Кішіпейіл, үлкенге қызмет жасай біледі. Сексенге бәрі келеді, бірақ бірегей болып жететіндер бөлек. Сол бірегей сексенің құтты болсын деймін. Жан жары Тоташпен жақсы өмір сүріп, бақыттың не екенін сезінді. Әке болып, ұрпағанын немере сүйді, – деп, алар асуларың, шығар биіктерің көп болсын деген тілегін жеткізді.
Келесі кезекте құрылыс саласы және мемлекеттік қызметтің ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Аманжан Такешев, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, «Құрманғазы су арнасы» ЖШС директорының орынбасары Бисембай Рамазанов сөйлеп, өз тараптарынан шапан жауып, Құттықтау хаттарын, естелік сыйлықтарын ұсынды. Сөйлеушілер Елдос Бектемірұлының үлкен адамгершілігіне, талап қоя білетіндігіне, ұйымдастырушылық шеберлігі 1979 жылы өр суы тасқынында, Атырау қалалық партия комитетінің ІІ хатшысы, трест басшысы қызметтерінде көрінген кең профильді маман болғанына, артында өнегелі із қалдырғанына тоқталды. Қазір де кейінгі жастарға ақыл-кеңесін беріп жүргенін, былтыр құрылыс саласының 60 жылдығын ұйымдастыруға зор үлес қосқанын тілге тиек етті. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Руслан Сәуменов Елдос Бектемірұлының кеудесіне «Ел ағасы» медалін тағып, мерейін асқақтатты.
Әлбетте, қандай кештің де сәні ән мен күй, әсем би. Шара барысында аудан өнерпаздары Заря Қуанышқызы, Ерасыл Самиғоллаев, Құралай Құдиярова, Ермек Айсин әдемі әндер орындады. Соңында Елдос Бектеміров көрсетіліп жатқан құрмет үшін аудан әкімдігіне, аудандық мәслихатқа, басқа да ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ



